Биыл Түркістан облысында 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады

 Әсия Темірбаева
Фото: Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында өңірде 118,9 мың жұмыс орынын ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде халқы көп аймақтағы жұмыссыздар санының азаюына ықпал етпек. Сондай-ақ, облыста кедейлік деңгейін төмендету және әлеуметтік қолдау бағытында да атқарылып жатқан жұмыс көп. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева айтып берді.

- Әсия Құралқызы, Түркістан облысы еліміздегі ең халқы көп өңірдің бірі. Облыста кедейлік деңгейін төмендету бойынша қандай жұмыстар жүзеге асып жатыр?

- Облыста кедейшілік деңгейін төмендетуді қамтамасыз ету басым міндеттердің біріне айналды. 2023 жылы облыс аудандары мен қалаларының әкімдіктерімен инвестициялар тарту, жұмыссыздарды нәтижелі жұмыспен қамту, кәсіпкерлік қызметті, соның ішінде «Ауыл Аманаты» жобасы шеңберінде дамыту, аз қамтылған отбасылардың табысын арттыру арқылы аз қамтылған азаматтар санын кемінде 15%-ға азайтуды қамтамасыз ету бойынша меморандумдар жасалды.

Шартты ақшалай көмек алушылардың жұмысқа қабілетті 34 525 адамы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен – 9562 адам, әлеуметтік жұмыс орындарымен – 611 адам, жастар практикасымен – 106 адам, ақылы-қоғамдық жұмыс орындарымен – 1322 адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен – 34 адам қамтылды. 

Қариялар
Фото: Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 106 адам кәсіпкер ретінде салық органдарында тіркеліп, өз ісін ашты. 

Сонымен қатар, мемлекеттен бөлінген қаржыдан бөлек, облыста «Қамқорлық» бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда. Оның мақсаты - қайырымдылық қызметке демеушілерді тарту және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету болып табылады. 

Табыстарын арттыру үшін 2023 жылы «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы 993 отбасыға 292,7 млн.теңгеге демеушілік көмек көрсетілді. Ағымдағы жылы 635 отбасыға 94,8 млн.теңгеге көмек көрсетілді.

Сондай-ақ, облыста әлеуметтік көмек көрсетудің атаулылығына және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге ерекше қөңіл бөлінуде.

Қариялар
Фото: Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

Атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі АӘК) тағайындаудың дұрыстығына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, жол берілген бұзушылықтарды жою және заңсыз төленген қаражатты бюджетке қайтару бойынша шаралар қабылданып жатыр. 

Сондай-ақ, ақпараттық жүйе үнемі жетілдіріліп отырады. Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткерлердің барлық дерлік табыстары ақпараттық жүйеде көрінеді. «Әлеуметтік көмек» ААЖ басқа ақпараттық жүйелермен интеграцияланған және ай сайын жаңартылып отырады. 

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау процесін және тағайындау үшін қажетті құжаттар топтамасын оңтайландыру жүзеге асырылды (АӘК жеке куәлік негізінде тағайындалады) және АӘК проактивті режімінде алуға мүмкіндік берілді. 

Қариялар
Фото: Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

2023 жылдың қорытындысымен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 157,7 мың адамды құрады (27 039 отбасы) немесе облыс халқынан үлесі 7,4 пайыз болды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20,5 пайызға төмен (2022 ж. - 198,4 мың адам).

Кедейлік деңгейінің төмендеуі атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту шараларына тарту жөніндегі белсенді жұмыстың арқасында қамтамасыз етілді. 

Аз қамтылған азаматтардың санын төмендетуге бағытталған жұмыстар жалғасып, 2024 жылдың соңына дейін кедейлік деңгейін 5,5 пайызға дейін, ал АӘК алушылардың санын 25 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. 

2024 жылдың 1 қыркүйегіне атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын аз қамтылған азаматтар саны 89,2 мың адамды немесе облыс халқының 4,1 пайызын құрады. 2023 жылмен салыстырғанда аз қамтылған азаматтардың саны 68,5 мың адамға немесе 43,4 пайызға азайды. 

Атаулы әлеуметтік көмекті алушыларды жұмыспен қамту үлесі жыл сайын ұлғайып келеді. 2024 жылдың 8 айында еңбекке жарамды 22,4 мың атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың 15,7 мың адамы немесе 70,4 пайызы жұмыспен қамту шараларына тартылды.

Қариялар
Фото: Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

Қабылданған шаралардың нәтижесінде кедейлік деңгейінен төмен тұратын халықтың үлесі 2021 жылдан бастап 7,4 пайызға төмендеп, 4,1 пайызды құрады (2021ж.- 11,5%, 2022ж.- 9,4%, 2023ж. – 7,4%, 2024ж.1 қыркүйегіне – 4,1%).

- Жалпы, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылардың мәселесін жәрдемақы шешпейді. Яғни бұл – уақытша көмек. Сондықтан өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу күн тәртібінде тұрған жағдай деп білемін. Бұл бағытта қандай жұмыстарды қолға алып отырсыздар?

- 2024 жылы Түркістан облысы бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспары бекітілді. Оның ішінде «10 мың тұрғынға 100 орын» бағыты бойынша 22 595 орын, «Еңбек» бағытымен 85 409 орын, Ұлттық жобалар шеңберіндегі жұмыс орындары бойынша 3 671 орын, азаматтарға грант және шағын несие беру бойынша 7 214 орын ашылады деп күтілуде.

Биылғы жылдың 8 айында нақты 78,8 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданып, жоспар 66,3 пайызға орындалды. Оның ішінде 38,8 мың адам тұрақты, 39,9 мың адам уақытша жұмыспен қамтылды. 

Қариялар
Фото: Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

Субсидияланған жұмыс орындарына нақты 38 657 адам (4 456 адам әлеуметтік жұмыс орындарына (95,2%); 11 557 адам жастар практикасына (73,1%); 14 965 адам қоғамдық жұмыс орындарына (107,3%); 3 432 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына (95,6%); 4 247 адам «Күміс жас» жобасына (104,9%) жолданды.

Жұмысқа орналасқан азаматтардың 96 пайызымен электрондық еңбек келісім шарты түзіліп (75,6 мың адам), 89 пайызына міндетті зейнетақы жарналары аударылды (70,1 мың адам). 

Кәсіпкерлікті қолдау арқылы жұмыс орындарын ашу бағытында облыста бірқатар жұмыстар жүзеге асып жатыр. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында 2024 жылы жаңа бизнес идеялары үшін 1 755 адамға грант берілді. Оның ішінде былтырғы жылдан бері грант жоспарының ішінен облыстағы әр аудан, қаланың әлеуетіне сәйкес пилоттық жобаларды іске асыруы үшін қайтарымсыз қаржылар берілуде. 

Биылғы жылы өз ісін ашуға ниетті грант алушылар ішінен 120 адамға пилоттық жобаларына қаржы берілді. 

Қариялар
Фото: Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

Осы жұмыстардың нәтижесінде, облыста бүгінгі таңға жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды (жоспар 4,9%), жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9 пайызды құрап отыр (жоспар 3,8%).

- Жұмыс күші көп Оңтүстіктік аймақтағы халықты Солтүстікке көшіру бағытында да біршама жұмыстар жүзеге асып жатыр. Бұл бағытта жиі-жиі жәрмеңкелерде өтуде. Жалпы биылғы меже қалай? Көшуге ынта білдіріп отырған отбасылар көп пе?

- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылға республика бойынша 7050 квота бөліп, қандастар мен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облысты белгіледі. Олар - Абай облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау облысы, Шығыс Қазақстан облысы. 

Бөлінген квота негізінде, биылғы жылдың сегіз айында Түркістан облысынан 288 отбасы немесе 1 116 адам қоныс аударды. Оның ішінде 538 еңбекке жарамды адам бар. Қазір соның 304 адамы тұрақты жұмыс орындарына орналасты. 

Анықтама үшін айта кетсем, Шығыс Қазақстан облысына 18 отбасы, 71 адам; Қостанай облысына 18 отбасы, 71 адам; Павлодар облысына 127 отбасы, 592 адам; Солтүстік Қазақстан облысына 110 отбасы, 318 адам; Қарағанды облысына 2 отбасы, 11 адам; Ұлытау облысына 5 отбасы, 30 адам; Абай облысына 8 отбасы, 23 адам қоныс аударды.
Жалпы еліміз бойынша қоныс аударған 3494 адамның 32 пайызы Түркістан облысының үлесінде.

Қариялар
Фото: Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

- Биыл өңірде әлеуметтік салаға қатысты біршама жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстарды кең көлемдле айтып берсеңіз.

- Бүгінгі күні Түркістан облысында 99 296 мүгедектігі бар адам есепте тұр, бұл облыс халқының 4,6 пайызын құрайды. Оның ішінде 84 206 адамы 18 жастан асқандар болса, 15 020 адам мүмкіндігі шектеулі балалар.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мүгедектігі бар адамдарға және балаларға, қарттарға қызмет көрсетуге арналған 13 әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс жасауда. Жыл басынан бері аталған орталықтарда 4454 адам арнаулы әлеуметтік және емдік-сауықтыру қызметтерімен қамтылған.

Облыс аумағында 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін жалғыз орталық - Шымкент қаласында орналасқан №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ғимараты ескіріп тозығы жеткен болатын. Содан 2021 жылы Сауран ауданы, Ораңғай ауылында 200 орындық ересек мүгедектігі бар адамдарға арналған орталық құрылысы басталды. 

Бүгінгі таңда нысанның құрылысы аяқталып, басқарма теңгеріміне қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған орталық қазан айында ашылып, мұқтаж азаматтарға қызмет көрсетуді бастайды деп жоспарлап отырмыз. 

Қариялар
Фото: Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

Сондай-ақ, Сауран ауданы Ораңғай ауылында «50 орындық мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» құрылысы 2023 жылдың шілде айынан бастап жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

- Біршама уақыт бұрын Шымкентте орналасқан қарттар үйін облыс аумағына көшіру бастамасы көтерілген болатын. Бұл мәселе шешімін тапты ма?

- 2024 жылғы 20 тамызда облыс әкімінің төрағалығымен өткен Оңалту орталықтарының және әлеуметтік нысандардың құрылысы туралы мәжілістің хаттамасына сәйкес, басқармаға қарасты «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін Шымкент қаласының теңгеріміне беру ұсынылған.

Алдағы уақытта Орталықты Шымкент қаласы әкімдігінің меншігінен беру немесе облыс аумағында қолайлы ғимаратқа көшіру мәселесі қарастыратын болады.

- Жалпы қарттар үйінде қанша қария бар. Олардың саны жылдан жылға өсіп отырма, әлде азайды ма?

- Басқармға қарасты «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қызмет алушы қарттар саны 2022 жылы – 169 (қарттар саны - 104), 2023 жылы – 162 (қарттар саны - 96), 2024 жылдың 1 қыркүйегінде – 152 (қарттар саны – 90) адамды құрады. Жалпы орталықтардағы қызмет алушылар санының азаюы байқалады.

Қариялар
Фото: Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

 

Соңғы жаңалықтар
telegram