Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 4500-ге жуық өзбекстандық жауапқа тартылды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында Өзбекстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған 4 477 адам әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

зорлық
Фото: Pixabay

Өзбекстан Жоғары сотының баспасөз хатшысы Азиз Абидов мәлім еткендей, Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекстің тұрмыстық зорлық-зомбылық бабы бойынша 4 343 адам жауапқа тартылды. Олардың ішінде 2 344-не айыппұл салынса, 1 999-ы әкімшілік қамауға алынған.

Ал Қылмыстық кодекстің 126-1-бабы бойынша (Қайталап жасалған немесе ауырлататын мән-жайы бар тұрмыстық зорлық-зомбылық) 134 адам сотталды. Оның 51-і бас бостандығынан айырылды, ал 83 адамға өзге де жаза тағайындалған.

Айта кетейік, жоғарыда аталған баптар Өзбекстан заңнамасына 2023 жылдың сәуірінде енгізілді. Өткен жылы олар бойынша 9 131 адам жауапқа тартылған.

Соңғы жаңалықтар