Биыл жалпы егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектар болды
АСТАНА. KAZINFORM — Осы жылы бидай егілетін алаң 125 мың гектарға қысқартылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті.
— Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп 2026 жылға егіс алқаптарының болжамды құрылымын бекітті. Бұл құрылым — бидай алқаптарын қысқарту және жоғары рентабельді дақылдарды ұлғайту бойынша әртараптандыруға бағытталған. Биыл жалпы егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектар, бұл өткен жылдан 180 мың гектарға көп. Соның ішінде майлы дақылдар алаңы 55 мың гектарға, азықтық дақылдар 242 мың гектарға, арпа 94 мың гектарға, ал ұйымдастырылған шаруашылықтарда картоп алаңы 10,3 мың гектарға көбейеді, — деді Айдарбек Сапаров.
Бұл ретте, бидай алаңы 125 мың гектарға қысқартылып, 12,1 млн га болды. Сонымен қатар, жүгеріні терең өңдейтін инвестициялық жобаларды шикізат базасымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүріп жатыр. Осыған байланысты жүгері бойынша әртараптандыру индикаторларын қайта қарап, оның егіс алқаптарын кеңейтуді жоспарланған.
— Биыл жүгері алқабын 265 мың гектарға жеткізу жоспарланған, бұл өткен жылдан 90 мың гектарға көп (174,6 мың га). Осы мақсатта Министрлік Қытайдың солтүстік өңірлерінде бізге ұқсас топырақ-климаттық жағдайларда жүгері өсіретін компаниямен кездесу өткізді. Бұл компания тұқым, тыңайтқыш жеткізу және өсіру тәжірибесімен бөлісу арқылы практикалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта кәсіпорынды жүктеу мақсатында Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруаларды форвардтық қаржыландыру және кейіннен жүгеріні инвесторға өткізу мүмкіндігі пысықталып жатыр. Осыған байланысты әкімдіктерді жүгері өсіру бойынша халықаралық тәжірибені қабылдап, оның егіс алқаптарын кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыруды сұраймыз, — деді министр.
Айтиа кетейік, бұған дейін Үкімет көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын пысықтайтынын жазған едік.