Биыл жемқорлардан тәркіленген ақшаға 25 мектеп салынады — Үкімет

жайлы мектеп
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жекеменшік мектептердің саны 667-ге жетті. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім етті.

«Атап айтқанда, өңірлерде білім берудің сапасын көтеру, мектеп салу, интернетпен қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігі туралы мәселелер жиі көтерілді. Білім сапасын көтеру мәселесі қарастырған Ұлттық баяндама даярланып, мамандармен және өңірлермен толық талқыланды. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес бұл талқылауларға 200 мыңнан аса мұғалім, жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары қатысты. Осыған байланысты өзгерістер жақында өткен Үкімет отырысында қаралып, білім саласын дамыту Концепцияларына енгізілді. Салада атқарылар жұмыстар өте ауқымды, министрлер өздерінің жауаптарында оларға кеңінен тоқталады», — деді Т. Дүйсенова.

Сонымен қатар ол білім инфрақұрылымын дамыту бағытына тоқталды.

«Осыған орай апаттық және үш ауысымды мектептер мәселесін жою мақсатында бірнеше көзден мектеп салу қолға алынды. Оның біріншісі — «Жайлы мектеп» атты ұлттық жобасы, оның аясында 369 мектеп салынғалы отыр. Екіншісі — жемқорлық қылмыстар аясында тәркіленіп, қайтарылған қаражат есебінен былтыр 36 мектеп салынса, биыл тағы 25 мектеп салынбақ. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы және жергілікті бюджеттен 2023 жылы 7 мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы 6 мектеп салынбақ», — деді вице-премьер.

Оның сөзіне қарағанда, белсенділік танытып келе жатқан қосымша бір бағыт — бұл бизнес инвестиция. Былтыр 56 жекеменшік білім ошағы іске қосылды. Жалпы, мұндай жекеменшік мектептердің саны бүгінде 667-ге жетті. Онда 250 мыңнан аса бала тәлім алып отыр.

«Жалпы, мектеп салу үшін барлық көздерден бөлінген қаражаттың 2 жылдық сомасы 2,4 трлн.теңгені құрады. Сондай-ақ биыл 270 мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі», — деді Тамара Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар