Биыл жемқорлық үшін сотталған өзбекстандықтардың саны артты
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін бірінші жартыжылдықта 3837 адам сотталды, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5%-ға көп, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Елдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім еткендей, биыл бірнеше ведомствода сыбайлас жемқорлық фактілері жиі анықталған. Атап айтқанда, Мектепке дейінгі және мектептегі білім министрлігі жүйесінде - 285 (2023 жылы осы кезеңде 237 адам сотталған), жергілікті хокимияттарда – 133 (2023 жылы - 119), мемлекеттік үлесі бар кәсіпорындарда 153 адам (2023 жылы - 103) жаза арқалады.
Бұл ретте, кейбір мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандардың саны азайған:
- Денсаулық сақтау министрлігі жүйесінде – 145 маман (2023 жылы осы кезеңде 177 адам);
- Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі жүйесінде - 52 қызметкер (2023 жылы - 64);
- Жұмыспен қамту және кедейлікті төмендету министрлігі жүйесінде - 30 адам (2023 жылы - 40);
Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде – 30 маман (2023 жылы - 33).
- құқық қорғау органдарында - 122 қызметкер (2023 жылы - 128);
- банктерде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 146 қызметкер сотталды (2023 жылы - 186 адам).