Биылғы ауыл шаруашылығының жетістіктері қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Маңыздылығы мен ерекшелігі жағынан экономиканың бірегей секторы саналатын еліміздің ауыл шаруашылығы саласы биыл өте жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Мол астық бастырылып, ішкі нарыққа жеткілікті көкөніс өнімі жиналды. Тіпті мақта мен майлы дақылдардың рекордтық көлемі алынды. Мал басы да тұрақты артып келе жатыр. Осыған орай, өтіп бара жатқан жыл ішіндегі ауыл шаруашылығының нәтижелеріне шолу жасаған едік.
Өсімдік шаруашылығының жетістігі
Таяуда жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдерімен кездескен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың дерегінше, биыл 11 айдың қорытындысында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 6,1 пайызға өсіп, 9,2 трлн теңгені құрады. Бұл өсім мал шаруашылығында өндіріс көлемінің - 3,5, ал өсімдік шаруашылығында 7,6 пайыз артуы есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 113 пайыз болды. Көрсеткіш саланың өткен жылдағы жоғары базаға қарамастан тұрақты өсім көрсетіп отырғанын айғақтайды. Аталған деректер екі жыл бұрынғы деректермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімінің едәуір артқанын білдіреді.

Биыл 27,1 млн тонна астық жиналды. Өткен жылы да рекордық өнім жиналып, ол астық пен ұн экспортына оң әсер етті.
- 2024-2025 маркетинг жылының қорытындысында Қазақстан рекордтық 13,4 млн тонна астық, ал жемдік ұнды қоса алғанда 15 млн тоннадан астам өнім экспортқа шығарды. Қалғаны елдің ішінде мал азығына, қайта өңдеу мен тұқымға пайдаланылды. Жаңа өнімнен бүгінде 3,9 млн тонна астық экспортталды. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 13,6 пайызға көп. Экспорттық әлеует 13 млн тоннаға жетеді, ал экспорт географиясы әлемнің 45 елін қамтиды, - деді министр.
Осы орайда ол астық экспортының неліктен жақсы екендігін түсіндіріп, қарқынды экспорт ішкі нарықты тұрақтандыруда шешуші рөл атқаратынына назар аудартты.
- Елімізде астық ішкі қажеттіліктен 2-3 есе көп жиналады. Оның артығын экспорттау Қазақстан ішіндегі және дәстүрі нарықтарымыздағы баға қысымын жеңілдете түседі. Жоғары экспорт дегеніміз – тек имидж ғана емес, бұл тікелей экономикалық пайда. Елімізге одан ұлттық валюта бағамын қолдайтын валюталық кіріс түседі. Диқандар сыртқы нарыққа астық сатудан түскен табысын техниканы жаңартуға және өндірісті дамытуға инвестициялай алады, - деді Айдарбек Сапаров.

Министрдің дерегінше, 2025 жылы картоптың жалпы өнімі 2,9 миллион тоннаға жетті, ал мақта өнімі шамамен 430 мың тоннаны құрады. Бұл – соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мұндай көрсеткішке суғарудың дәстүрлі әдісінен тамшылатып суғаруға көшудің арқасында қол жеткізілді. 2025 жылы алғаш рет тамшылатып суғарылатын мақта алаңы 50 мың гектар болды. Бұл ретте дақыл бойынша орташа өнімділік гектарына 30 центнерге, кейбір шаруашылықтарда гектарына 60 центнерге артты.
Майлы дақылдар мен бұршақ дақылдары өсімнің негізгі өзегі саналады. Бұршақ дақылдарынан 1,1 млн тоннадан астам рекордтық өнімі алынды, оның ішінде: жасымық – 842 мың, бұршақ – 222 мың, ноқат – 22 мың тонна. Майлы дақылдардың өнімі 4,8 млн тоннаны құрады.

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған әртараптандыру жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз. Бұл ауыспалы егісті дұрыс ұйымдастыруға, топырақ құнарлылығын сақтауға және фермерлер үшін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Өсімдік шаруашылығында өнімді сақтау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі өсімге кедергі келтіретін фактор болып тұр. Сондықтан егіс алқаптарын әртараптандыру қызу жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде арнайы сақтау талаптарын қажет ететін майлы және бұршақ дақылдарының үлесі артып келеді. Осыған байланысты элеваторларды кеңейту және жаңғырту жобаларына арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы әзірленуде. Құжат 2026 жылдың 1-ші жартыжылдығында іске қосылмақ.
Мал шаруашылығының дамуы
Бүгінде елімізде ірі қара мал саны - 8,3 млн, қой мен ешкі – 21,3 млн, жылқы 4,4 млн-ға жетті. Естеріңізде болса, 2024 жылдың басында ауыл шаруашылығы министрлігі статистикалық деректерді нақты көрсеткіштерге сәйкестендіру бастамасын көтерген еді. Соның нәтижесінде 2 млн ірі қара мал, 3,2 млн ұсақ мал есептен шығарылды. Осылайша, ауыл шаруашылығы статистикасы бизнес деректерімен және экспорт көлемдерімен сәйкестендірілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдан бастап мал шаруашығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру басталады. Аталған жоспар мынадай бағыттарды қамтиды:
- мал шаруашылығының барлық бағыты бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген кредит беру;
- асыл тұқымды мал басын сатып алуға және шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын дамытуға ұзақмерзімді жеңілдетілген кредит беру;
- саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, осы жылдың қыркүйек айынан бастап бордақылау алаңдарына жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын қаржыландыру басталды.

Мал басының одан әрі өсімін қамтамасыз ету үшін жоғарыда аталған жоспар айналым қаражатын толықтыруға, асыл тұқымды мал сатып алуға және шалғай жатқан жайылымдар инфрақұрылымын дамытуға жеңілдікпен несие беруді көздейді. Сондай-ақ етті мал шаруашылығындағы аустралиялық тәжірибені жергілікті жерге бейімдеу бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылуда.
- Мал шаруашылығын қолдау көлемін келешекте арттыра отырып, кемінде 200 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр. Аталған қаражат сонымен қатар қарқынды өсімге негіз болатын аналық мал импортына жұмсалады, - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Осы жылдың 10 айында сиыр етінің экспорты 30,2 мың тоннаға, ал қой еті 25,5 мың тоннаға жетті. Әзербайжан, Моңғолия, Марокко, Иран және ЕО нарықтары ашылды. Қазіргі уақытта Жапонияға, Оңтүстік Кореяға, БАӘ елдеріне ет пен сүт жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Қатар және Ұлыбританиямен бал экспорты, ал Эквадормен бірге артемия асшаян уылдырықтарын жеткізу талқылану үстінде.
- Мұндай өсім сапалы қазақстандық етке деген жоғары сұранысқа негізделген. Біз қосылған құны жоғары өнімді өткізуді қамтамасыз ету үшін бағыттарды әртараптандыруды жалғастырамыз, - деді Айдарбек Сапаров.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, әсіресе өңірлерде салқындатылған құс етін тұтыну көлемі өте төмен болды. Алайда, соңғы 5 жыл ішінде елімізде құс етін өндіру көлемі 236,5 мың тоннадан 360 мың тоннаға дейін артты. 2027 жылға дейін тағы 5 құс фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өндірістік қуаттарды 240 мың тоннаға арттыруға және ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тамақ өнімдерін өндіру
2025 жылдың 11 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,5 трлн теңгеге, ал сусындар 1,1 трлн теңгеге жетті. Салада биыл 40 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның 29-ы пайдалануға берілген. Негізінен, бұл майлы дақылдар, ет, жеміс-жидек, жүн өңдейтін кәсіпорындар, сондай-ақ құрама жем өндірісіне қатысты.
- Біз шикізат бағытынан бас тартып, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіруді бастаймыз. Жаңа зауыттар ет, сүт, жүн, майлы дақылдар, жемістерді өңдейді. Бұл қазақстандықтарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етеді, - деді министр.
Елімізде негізгі азық-түлік өнімдері бойынша белсенді импорт алмастыру жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, сүт және ашытылған сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділік іс жүзінде жойылды. Қазіргі таңда супермаркеттер мен базарлар сөрелерінде негізінен қазақстандық сүт, айран, йогурт ұсынылады. Өңделген сүт өндірісінің көлемі 2020 жылы – 620 мың тоннаны, 2024 жылы 632 мың тоннаны құрады. Ашытылған сүт өнімдері 2020 жылы 227 мың тонна, 2024 жылы 238 мың тонна болды. Ірімшік, қоюландырылған сүт және кілегей өнімдері бойынша әлі де проблемалар бар. Дегенмен, министрлік оларды алдағы уақытта шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, қайта өңдеу саласы агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту бойынша көшбасшы бағыттардың бірі саналады.
- Қазіргі уақытта, әсіресе астықты тереңдете өңдеу сегментінде ірі жобалар іске асырылып жатыр. Жалпы алғанда, Қазақстан жыл сайын 5 млн тоннадан астам астықты өңдейді. Оның ішінде 510 мың тоннасы терең өңдеуге жіберіледі. Бүгінде крахмал, глютен, меласса, биоэтанол және өзге де өнімдер шығаратын 3 терең өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. 2028 жылға дейін жылына 4,8 млн тонна бидай мен жүгеріні өңдейтін 5 ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Салаға тартылатын инвестиция көлемі 2,6 млрд АҚШ долларын құрайды, 3,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім ассортименті аминқышқылдары, сироптар, дәрумендер және өзге де жоғары қосылған құнды өнімдер есебінен кеңейтіледі, - деді ол.

Егін егу науқанын қаржыландыру ерте басталды
Агротехнологияларды сақтау және уақтылы мемлекеттік қолдау көрсету ауыл шаруашылығы көрсеткіштерінің сапалы өсуін қамтамасыз етті. Егер 2023 жылы орташа өнімділік гектарына 11 центнер болса, 2025 жылы 17 центнерге дейін өсті. Ал озық шаруашылықтарда 40 центнерге дейін жетті. Егін егу және егін жинау жұмыстарын жеңілдікпен қаржыландыру шешуші факторға айналды. Биыл жеңілдікпен қаржыландыру 750 млрд теңгені құрады. Бұл ретте мемлекет 2026 жылғы егін егу науқанын қаржыландыруға қазан айынан бастап кірісіп кетті.
- Бүгінгі таңда 230 млрд теңгеге 1,3 мыңнан астам өтінім келіп түсті, оның ішінде 81 млрд теңгеге 750-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржыландырылды. Қол жеткізілген нәтижелерді тыңайтқыштарды енгізу көлемінің 3 есеге артуымен және ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 80-нен 70 пайызға дейін төмендегенінен көруге болады, - деді Айдарбек Сапаров.
Саланы цифрландыру
Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында биыл қыркүйекте Агроөнеркәсіптік кешенді цифрлық трансформациялаудың 2027 жылға дейінгі жаңартылған Жол картасын бекітті. Ол 144 негізгі бизнес-процесті цифрландыруды көздейді. Стратегиялық мақсаты – саланы деректерге негізделген басқаруға көшу, процестерді стандарттау және аналитика мен жасанды интеллект технологияларын енгізу базасын қалыптастыру.

Бүгінде министрліктің қарауында келесі ақпараттық жүйелер бар:
- ГИСС (Gosagro.kz) – шаруаларға субсидия беру жүйесі;
- ИСЖ – жануарларды қадағалауға арналған жүйе;
- ЕАСУ – рұқсат беру құжаттары мен ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу жүйесі.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін басқару жүйесі және өсімдік шаруашылығындағы қадағалау жүйесі әзірленіп жатыр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі 2023 жылы іске қосылып, субсидиялаудың барлық бағытын қамтиды. 17 негізгі бағыт бойынша 200 мыңнан астам белсенді пайдаланушы тіркелген. Мемлекеттік жүйе қолданушылар үшін тегін әрі шаруалар үшін үнемделген жалпы қаражат сомасы 1 млрд теңгеден асады. Фермерге кез келген уақытта субсидия алуға өтінім беруге мүмкіндік беретін «күту парағы» енгізілген. Тіпті бюджетте қаражат болмаған жағдайда да кезектілік сақталатын болды. ГИСС жүйесінің мобильдік қосымшасы әзірленді, ол қолданушылардың жұмыс үрдістерін едәуір жеңілдетіп, жылдамдатады. Мобильдік қосымша аяқталу сатысында және 2026 жылы іске қосылуы жоспарланған.
Мал шаруашылығында қадағалауды қамтамасыз ету үшін ИСЖ және ЕАСУ ақпараттық жүйелері, сондай-ақ нарық қатысушыларына арналған мобильді қосымшалар жұмыс істейді. 195 мыңнан астам пайдаланушы күн сайын электрондық форматта ветеринариялық құжаттарды рәсімдеп, жануарлардың қозғалысын, вакцинациясын және союын тіркейді. Ақпаратты жүйелерді жетілдіру нәтижесінде қағаз құжат айналымы толық жойылды. Есептің дәлдігі артты және ветеринариялық қауіпсіздік бақылауы күшейтілді.
Бұдан бұрын ИСЖ жүйесінде бір сиырға 10-нан астам бұзау тіркелген жағдайлар, сондай-ақ мүлде мал басы жоқ кезде төл тіркелген деректер анықталған. Осы заң бұзушылықтарды жою мақсатында «Төл» тетігі енгізілді, яғни бұзауды аналық малдың ЖСН-іне байланыстыру міндеттелді. Бұл шара жануарлардың шығу тегін есепке алудың дәлдігін едәуір арттырып, қайталанатын жазбаларды болдырмауға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрландыру жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыс аясында Қазақстан Республикасының аумағы ашық форматтағы цифрлық ауыл шаруашылығы карталарымен қамтылды. Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы ауыл шаруашылығы жерлері туралы өзекті және сенімді деректерді, оның ішінде кеңістіктегі орналасуы, аумағы, сапалық жағдайы, нақты пайдаланылуы, сондай-ақ инфрақұрылым туралы мәліметтер және өндірістік, транспорттық (жолдық), энергетикалық және су шаруашылығы (гидротехникалық) деректерін қамтиды.

- 2026 жылғы негізгі міндет – «Е-АПК» бірыңғай цифрлық экожүйесін құру стратегиясын қалыптастыру. Саланың барлық ақпараттық жүйелерін біріктіріп, деректерді Data Lake-ке шоғырландыру және BI-аналитиканы дамыту жоспарлануда. Қадағалауды кеңейтуге және жасанды интеллектті енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл барлық қатысушы үшін тиімді болады. Мемлекет үшін өндіріс, субсидиялау және инвестициялар бойынша салыстырмалы аналитикалық база қалыптасады. Фермерлер үшін– әкімшілік жүктеменің азаюы және қызметтер мен қаржы құралдарына қолжетімділіктің жеңілдеуі байқалады. Қаржы секторы үшін тәуекелдерді бағалау сапасы артады, - деді вице-министр.