Биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті - Президент

АСТАНА. KAZINFORM -  Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Глава государства провел 37-е пленарное заседание Совета иностранных инвесторов
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесі мемлекет пен оның халықаралық серіктестері арасындағы стратегиялық ықпалдастықтың сенімді платформасы ретінде алдағы уақытта да қызмет көрсете беретінін атап өтті.

– Аталған форум жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда инвестицияға бағдарланған экожүйе қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Біз Кеңестің белсенді қатысуымен елімізде инвестициялық ахуалды жақсартуға, ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлік жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған кешенді реформаларды одан әрі жалғастыруға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, сарапшылар таяу жылдары жаһандық ІЖӨ өсімі шамамен 2,9 пайызға дейін баяулайтынын болжап отыр.

– Бүгінде инфляциялық қысымның күшейгені, жаһандық жеткізу тізбегіндегі кедергілердің және іскерлік ортадағы бағдарсыздықтың артқаны байқалады. Мұндай үрдістер әлем экономикасының перспективасын нашарлата түсуі ықтимал. Бұл халықаралық сындарлы диалогтың қажет екенін көрсетеді. Қазақстан секілді елдердің экономикасы осындай сын-қатерлер кезінде сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алды. Биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті. Оған көлік және логистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу салалары көп үлес қосты, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның шикізатты терең өңдеу және жаңа буындағы өнеркәсіптік өндіріс құру жолында батыл қадам жасағанына назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстан теміржол саласына арналған машина жасау бойынша Wabtec, Alstom және Stadler компанияларымен табысты ынтымақтастық орнатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Alstom компаниясы елімізде сервистік орталықтар салып, 2028 жылдан бастап локомотивтердің жаңа буынын шығаруды жоспарлап отыр. Wabtec компаниясы балама отынмен жүретін жылжымалы құрамға 200 миллион доллар инвестиция құйды. Ал Stadler Rail кәсіпорны өндірістік қуаты жылына 100 вагон шығаратын зауыт салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің жоғары әлеуетіне тоқталды. Еліміз егістікке және жайылымға жарамды жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орынды иеленеді, сондай-ақ астық экспорты бойынша жетекші он мемлекеттің қатарына кіреді. Мемлекет басшысы PepsiCo, Fufeng Group және Dalian Hesheng сияқты шетелдік инвесторлардың табысты қызметін мысалға келтіріп, олардың жергілікті өнімге тұрақты сұраныс қалыптастырып, озық технологияларды енгізіп жатқанын айтты.

Осыған дейін Президент қазақстандықтарды Судья және сот қызметкері күнімен құттықтаған болатын. 

 



Соңғы жаңалықтар