Биылғы бюджеттен оңтайландырылған қаражат тек экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталады – Премьер-Министр

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы бюджеттен оңтайландырылған қаражат тек экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

Олжас Бектенов
Фото: primeminister.kz

«Үнемделген қаражатты  оңды-солды шашпай, тек экономикалық өсімді ынталандыруға бағыттаймыз. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспарын қалыптастыру кезінде осы жұмыстың нәтижелерін ескерген жөн. Экономиканы ырықтандыру жөніндегі тәсілдерді жалпы біз талқыладық. Біз оны қолдаймыз. Мемлекеттік қолдау теңгерімді болып, нарықтың тиімді жұмысын қамтамасыз етуге және барлық қатысушылардың мүдделерін қолдауға бағытталуы тиіс. Кәсіпкерлік субъектілер еркін бәсекеге түсетін бәсекелестік құру қажет. Сонымен қатар ұлттық мүдделер мен қауіпсіздікті ескеру маңызды», - деді Үкімет басшысы. 

Премьер-Министр Экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлықты іске асыру бойынша жоспарды әзірлеу кезінде отын-энергетика кешені, көлік, байланыс және өзге де тауар нарықтарындағы бәсекелестікті дамыту шараларына ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

«Сондай-ақ жоспарда халықаралық принциптерді сақтай отырып, корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі жүйелі шаралар қамтылуы тиіс. Жұмыскерлерге еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемге қатысты әдіснамалық және техникалық мәселелер бар. Осыған байланысты Қаржы министрлігі Цифрландыру, Еңбек, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика министрліктерімен бірге бірыңғай төлемді қолдану критерийлерін қайта қарап, есептеу және төлеу механизмін оңайлату, қолдану аясын кеңейту қажет», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар