Бір рет тікұшақ тізгіндесең қайта-қайта ұша бергің келеді — өскемендік ұшқышпен сұхбат

Ұшқыш
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Бала күннен ұшқыш болуды армандап, сол мақсатына жете алмай қалғандар көп. Неге? Себебі ол үшін қайда оқуға түсу керектігін, өзін қай тұрғыда дамыту қажеттігін білмейді. Ал бүгінгі біздің кейіпкеріміз Денис Грунский ұшқыш болам деген арманына жеткен жандардың бірі. 20 жылға жуық уақыт бойы ұшақ пен тікұшақты тізгіндеп келе жатқан ол талайдың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

– Қандай адам ұшқыш бола алады?

– Денсаулығы мүмкіндік берсе кез келген адам ұшқыш бола алады. Қалғаны оның өзіне, қалауына байланысты. 9-сыныпта оқып жүрген кезім. «Мимино» киносын көріп, қатты әсер алдым. Бұл Грузияның таулы аймақтарында тікұшақпен пошта, жеміс-жидек, тауық, қой, тіпті сиыр таситын ұшқыш туралы кино болатын. Содан соң осы мамандықты таңдаймын деп бел будым. Мектеп бітірген соң Алматыдағы азаматтық авиация академиясына оқуға түстім. 

– Ұшқыштарды қалай дайындайды? Ұшақты тізгіндеуді қанша уақытта үйренуге болады? 

– Ең әуелі 4 жыл теориялық білім аламыз. Онда ұшақ құрылымын толықтай біліп, оны қалай басқарудың жай-жапсарын үйренеміз. Тек содан кейін барып ұшу отрядына апарып, ұшаққа отырғызады. Өзім алғаш рет 2005 жылы А2 ұшағын тізгіндеп көрдім. Бірнеше жыл бойы осы ұшақты басқардым. Ұшып жүріп тікұшақтың да оқуын оқып алдым. Бір айта кетерлігі, алғашқы 5 жылда ұшақта екінші ұшқыш болып жүрдім. Тәжірибе жинап, біраз үйренісіп қалғаннан кейін ғана бірінші ұшқыш болдым. Кейін тікұшақ айдай бастадым. Бес жылдан соң тікұшақ командирі атандым. Бірақ бұл соңғы меже емес. Тағы 3 жыл еңбек еткен соң талап бойынша қажетті барлық рұқсатты алып, толыққанды әзірліктен өттім. Оңай емес екенін осыдан-ақ көрдіңіз ғой? Қаншама жыл кетті. Әр адамда әрқалай. Бұл жерде өткен жыл емес, ұшақты қанша рет айдағаның маңызды. Мейлінше, мол тәжірибе жинасаң соғұрлым тез дами түсесің. 

– Алғаш рет ұшақ тізгініне отырған сәтіңіз есіңізде шығар?

– Әрине. Шымкент қаласы. Жаз кезі. А2 ұшағы. Басында қобалжығандай біртүрлі сезім болды. Бірақ ешқандай қорқыныш болған жоқ. Бәрін тәлімгерлеріміз үйреткендей істедім. Уақыт зу ете түсті. Ұшқанымнан қонғаным тез болғандай. Түсерде аздап басым айналды.

– Содан бері 20 жылға жуық ұшақ пен тікұшақ тізгіндеп келесіз. Бірде-бір рет қорқып көрмедіңіз бе?

– Жоқ. Ұшаққа отырар алдында барынша іштей дайындалып аласың. Енді арасында ұшақты қондырып, жұмысты аяқтап, үйде тынығып жатқанда ойға шомып – жұмысыңның қауіпті екенін, қорқыныштың барын еске аласың. Десе де келесі күні қайта ұшақты тізгіндерде қорқыныш ізім-ғайым жоғалады. 

Өскемендік ұшқыш
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Ал биіктен қорқатын адам ұшқыш бола ала ма?

– Бұл сұрақ маған жиі қойылады. Шынымды айтсам, өзім де биіктен қорқамын. Мәселен, 5 қабаттың балконына шықтық делік. Төменге қарасаң қорқынышты. Дегенмен құлап кетемін деп үрейленбейсің. Өйткені айналаңды бағамдап тұрасың. Таудың шыңында тұрған жоқсың ғой. Ұшақты немесе тікұшақты тізгіндегенде дәл сол секілді. Өзіңді қауіпсіз сезінесің.

– Жұмысыңызға жақындарыңыз қалай қарайды? Үйде жиі болмайсыз ба?

– Қазіргі уақытта өзім жұмыс істейтін авиокомпанияның тек Шығыс Қазақстан облысы ішіндегі бағыттарында қатынаймын. Кейде іссапарлар болып қалады. Бірақ көбінесе осындамын. Сондықтан күн сайын кешке үйде боламын. Әйелім басында аздап мен үшін қорыққаны болмаса қазір жұмысыма үйреніп кеткен. 

– Ұшқыштардың қандай да бір өзіндік ырым-тыйымдары бар ма?

– Алғаш ұшақ айдағанда фотоға түсуге болмайды. Бірақ не себепті олай айтатындарын екенін білмеймін. Бізге солай үйретті. Бұл аға буын ұшқыштардан келген тыйым. Бәлкім, баяғыда фотоға түскен бір ұшқыш қайғылы жағдайға тап болған шығар.

Ұшқыш
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Өзіңізге негізінен қандай әуе көлігін жүргізген ұнайды?

– Санитарлық авиация жаныма жақын. Себебі түрлі науқастарды, жүкті әйелдерді тасисың. Оларға көмек көрсету – көңілге қуаныш. Өзіңнің өмірдегі бір миссияңды орындағандай ерекше әсерде боласың. Жалпы кез келген адам өзгелерге, қоғамға титтей де болсын пайдасын тигізу керек деп есептеймін. Содан соң тікұшақ жүргізген ұнайды. Бір рет тікұшақ тізгіндеген соң қайта-қайта ұша бергің келеді. Адреналин. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек сезіну керек.

– Жұмыс барысында есте қалған ерекше оқиғалар болды ма?

– Бір жағдай болды. Ұшақ тізгініндемін. Әуежайға таяп қалдық. Қонуымыз керек. Кенет алдыда бір ұшатын объект тұр. Не екені түсініксіз. Диспетчерден «Алдымызда тұрған не, тікұшақ па?» деп сұрадым. Жоқ деген жауап алдық. Абдырап қалдық. Қауіптеніп оны айналып өтіп, әйтеуір әуежайға қондық. Кейін білсек, бұл алпауыт шар екен. Біреулер шығыс жақтан ұшырған. Сөйтіп, тура біздің алдымыздан шыққан.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар