«Білікті ғалымдар білім ошағын неге тастап кетеді?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 24 желтоқсан, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Парламент Сенатының депутаты Серік Нөгербековтың «G-Global» - дағдарысқа қарсы ұстаным» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланды. «Үшінші мыңжылдықтың басы, барлық болжамдарға қарамастан, өркениеттің эволюциялық-технологиялық дамудың жаңа деңгейіне өтуімен есте қалуы тиіс еді. Алайда барлығы да керісінше болып шықты. ХХІ ғасырда әлем бұрынғы дағдарыстық белгілерден құтыла алмауымен қатар, одан да көлемді экономикалық және қаржылық күйзеліске тап болды»,-деп жазылған мақалада.

Бас басылымның жазуынша, Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық «абсолюттік инновациялар» басты ережесі болып табылатын технологиялық үдерістің жаңа даму кезеңіне аяқ басып келеді. Үшінші мың­жылдықтың экономикасы - бұл білімдер экономикасы, демек, бұл - өзгермелі жағдайға икем­­­делуге қабілетті жо­­ғары өнімді, креативті жә­не кәсіпқой адамдардың дәуірі. Жалпыұлттық идея ретінде Елбасы ұсынған адам капиталын дамыту тұжырымдамасы бүкіл қоғамның жігерін қажет етеді. Азаматтардың өз білімін тұрақты жаңартып отыру және жаңа құзыреттіліктерді игеру мүмкіндігін ұсынуды қоса алғанда, мектепке дейінгі оқытудан бастап, барлық деңгейлерде білім беруді жақсартуға басты назар аударылуы тиіс.

«Қоғамдық пікірді зерттеу көрсеткендей, біздің бітірушілеріміз өндірісте жұмыс істеу үшін кәсіби мінез-құлық этикасын, коммуникативтік дағдылар, топтаса жұмыс істеу қабілетін қоса алғанда, жеткілікті құзыреттіліктерге ие емес. Қалыптасқан жағдайдан шығу үшін, университеттердің дербестігін қамтамасыз ете отырып, олардың мәдениетін нығайту, сыртқы мүдделі тараптармен ынтымақтастықты кеңейту, білім мазмұнын жаңарту, ең бастысы, білім ордасына үздік оқытушыларды тарту қажет. Алғашқы кезекте жоғары оқу орнында тиімді корпоративтік басқару жүйесін құру керек»,-деп жазады мақала авторы. Осы жайында «Білікті ғалымдар білім ошағын неге тастап кетеді?» деген мақалада кеңінен айтылған.


***

«Айқын» басылымының жазуынша, еліміздегі банктердің үстінен бір жылда 5 мыңдай адам арызданған. Ал үлкен үміт етіп отырған Ұлттық қордағы алтын валюта қазынамыздың көлемі 100 млрд АҚШ долларына жеткелі тұр. Қазақстандағы ең ірі қаржы құрылымы - БТА банкті Казкоммерцбанк пен бизнесмен Кеңес Рақышев енетін консорциум қаншаға сатып алды? Қаржы нарығында аталған соңғы жаңалықтар жайында кеше елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов жан-жақты әңгімелеп берді.Белгілі болғандай, жақында жиі қозғалған 20 мың теңгелік валютаны айналымға шығаруға әлі ерте. Себебі ол сан алуан девальвациялық өзгерістерге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. «Бізге әзір 200, 500 және 1000 теңгелік купюралар жетіспейді. 5000 және 10000 теңгені айналымнан шығару жұмысын тоқтатпағанда, ол да тапшы болатын еді. Сондықтан қазір біз 200, 500 және 1000 теңгелік купюраларды қосымша шығару бойынша жұмыс істеудеміз»,-деді ол. Бұл туралы газеттің бүгінгі санындағы «Банкке байланысты арызданған 5 мың адам бар» деген мақаладан оқи аласыз.

Осы басылымда «Жаңа заңның жаңалығы неде?» деген мақала берілген. Қазақстанда «лауазымды тұлға» «рөлін» атқаратын адамдардың саны күрт қысқаратын болады. Әрине, бұл жерде сондай мансаптағылардың үлкен бөлігін қызметтен босату туралы сөз болып отырған жоқ. Парламентке келіп түскен «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодекстің» жаңа жобасында еліміздегі «лауазымды тұлға ретінде әкімшіліктік жауапкершілікке тартылатын тұлғалардың» қатарын қайта қарау көзделіп отыр. Бұл құжатты кеше Мәжілістегі арнайы жұмыс тобы қарады. Осы Кодекстің қолданыстағы редакциясы бойынша қазіргі кезде бюджет қаржысына күн көретін барлық биік мансаптылар сыртында, бизнесмендер, жеке нотариустер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, жеке кәсіпкерліктің және компаниялардың ұйымдастырушылық-бұйрық беруші немесе әкімшілік-шаруашылық функциялар атқаратын қызметкерлері, заңды тұлға басшылары, сондай-ақ Қарулы күштердегі шенді тұлғалар да «лауазымды тұлға» ретінде жауапкершілік арқалайтын.

Ал, «әкімшілік қылмыстар» кодексінің жаңа жобасына сәйкес, енді бұл қатар селдірейді: онда тек «мемлекеттік мекемелердегі, квазимемлекеттік сектордағы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы лауазымды тұлғалар» ғана қалады.


***

«Астана ақшамы» газетінде «Жаңа жылда жанарыңызға абай болыңыз!» атты мақала басылды. «Басқаны қайдам, біздегі Жаңа жыл мерекесін қытайлар асыға күтетін шығар-ау. Осы мейрамда қыр астындағы көршілеріміз пиротехникалық өнімдерден миллиардтаған пайда түсіреді екен.Жалпы қытайлар жарылғыш, жалтылдағыш, от шашқыш ойындарға құмар келеді. Пиротехникалық өнімдерін сан құбылтып шығарып жатқанының өзі соны аңғартса керек. Небір атылғыш заттарды ойлап тапқан шығыстағы көршіміз жақында иттің тұмсығында жарылатын торсылдақты «қолданысқа енгізді». Бүгінге дейін қанша иттің езуі тілініп, мұрны бұзылғанын қытайлардың өздері ғана білетін шығар. Айтпағымыз, бұл - емес. Жаңа жыл жақындаған сайын бенгал оттары, петарда, зымыран, вулкан секілді алуан түрлі пиротехникалық шартылдақтардың саудасы қыза түседі. Әсіресе, базарларда бей-берекет сатылады. Бағасы арзан, жас та, жасамыс та сатып ала беретін мұндай от шашуларды сатып алар кезде абай болыңыз»,-деп жазады басылым.

Соңғы жаңалықтар