Білікті кадрларға зәру «Кентау трансформаторлық зауыты» өзінің жеке колледжін ашпақ
Бүгін Астанада өтіп жатқан «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты ІІІ Халықаралық форум барысында журналистерге берген сұхбатында «Кентау трансформаторлық зауытының» бас директоры Нұрмахан Әбдірахманов атап көрсеткендей, бүгінде кәсіпорын білікті кадрларды даярлап беру мәселесінде Кентау қаласындағы №7 кәсіптік лицейдің көмегіне жүгініп отыр.
Зауыттың білікті кадрларға деген сұранысы жылына 300 бірлікті құрайтыны ескеріліп, кәсіпорын 2012 жылы Кентау қаласында өзінің колледжін ашуды жоспарлап отыр.
«Оның базасында өзіміздің зауытқа қажетті мамандарды даярлаймыз. Колледжде жылына 700-ден астам кадр түлеп ұшатын болады», - деп атап өтті Н.Әбдірахманов.
«Кентау трансформаторлық зауыты» АҚ-ның филиалдары Қазақстанның түкпір-түкпірінде орналасқан. Оларда 3 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.