Биліктің екі тармағының үйлесімді жұмысы - дамудың алғышарты
Осы аптада төртінші шақырылымдағы ҚР Парламентінің үшінші сессиясы ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биліктің бұл екі тармағына мемлекет мүддесі, экономиканың ертеңі, халық игілігі үшін істелуге тиісті толайым жұмыстарға қатысты тұшымды тапсырмалар берді.
Бірден айта кетейік, дүниені дүр сілкіндірген әлемдік дағдарыстың екі бірдей толқынына төтеп беруде Қазақстан Үкіметі пен Парламенті пәрменділік танытып, өзара пәтуаласа жұмыс істеулерінің нәтижесінде еліміз күйзелістен көп қинала қоймады. Тұтастай алғанда, төртінші шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясында 140-тан астам заң жобасы қаралып, талқыланып, соның ішінде 90-нан астам Заң қабылданыпты. Бұл заңдардың басым көпшілігі ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік деңгейді көтеруге бағытталған. Ендігі жерде шенеуніктер мен халық қалаулыларын салмағы бұрынғыдан бір мысқал артық болмаса, кем емес әрі жауапты, әрі күрделі жұмыстар (міндеттер) тосып тұр.
Сонымен, Президенттің Үкімет пен Парламентке жүктеген міндеттері қандай? «Біз қиын кезеңді еңсеріп қана қоймай, дағдарыстан кейінгі даму кезеңіне жан-жақты дайындалуға тиіспіз... Дағдарыстан кейінгі кезеңде елді индустрияландыруға балама жоқ», деген Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстанды индустрияландыруды ынталандырудың бесжылдық жоспарын, 2010-2015 жылдарға арналған Индустрияландыру картасын және Өндірістік қуаттарды ұтымды орналастырудың 2020 жылға дейінгі схемасын әзірлеуді аяқтауды тапсырды. Мәліметтер бойынша, қазірдің өзінде-ақ машина жасау, металлургия, мұнай өңдеу, фармацевтика және химия саласында жалпы сомасы 30 миллиард доллар болатын 25 индустриялық жоба іріктеліп қойыпты. Олар сәтімен іске асып жатса 35 миллиард доллар көлемінде тиімділік беріп, елімізде 270 мың жұмыс орны ашылатын болады. Ал Парламент өз кезегінде Қазақстан экономикасын индустрияландыру мен дамыту жөніндегі барлық шараларды заңнамамен жақсылап қамтамасыз етуі тиіс. Бұл үшін Индустриялық саясат туралы заң басымдық тәртіппен қаралатын болады. Үкімет оны таяу уақытта аяқтап, Парламентке енгізуі тиіс.
Осы орайда Елбасы тиімді индустриялық саясат инновацияларға, ең заманауи білім-білікке және технологияларға негізделуі тиістігіне тоқталып, ғылым туралы жаңа заң әзірлеп, қабылдау, онда отандық ғылым саласын дамытудың қағидаттарын айқындау керектігін айтты.
Ғылым демекші, бүгін Ақордада Елбасы ғылым және ғылыми саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Онда елімізді индустриялық-инновациялық тұрғыдан қарқынды дамытуды қамтамасыз ету үшін экономиканың әрбір саласына ғылыми жетістіктерді енгізе отырып өркендетуге баса мән берілді. Бүгінде дамыған мемлекеттердің өмірдің сан саласында қол жетізген табыстары мен озық технологияларының барлығы ғылыми жетістіктерді экономикаға етене енгізе отырып мүмкін болғанын ескерсек, Қазақстанның да осыған бағдарланып жатқаны қуантады. «Елімізді индустриялық- инновациялық тұрғыдан шапшаң дамыту басталысымен, ғылымды дамыту мәселесі біз үшін өзекті бола түседі. Біздің мақсатымыз - ғылымның дамуына серпін беру, оның дамуы үшін дұрыс бағыт көрсету, Қазақстан бизнесін ғылыммен тығыз ынтымақтастыққа итермелеу. Оның ішінде жеке бизнес, мемлекеттік компаниялар заңға сәйкес өздерінің табыстарының белгілі бір бөлігін ғылыми әзірленімдерге бөлуге тиіс. Осының бәрі заңнамалық тәртіппен шешілуі керек», деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Кеңестің қорытындысы бойынша елімізде ғылыми жобаларды сұрыптап, ғылым гранттарын беру жөніндегі шешімдерді қабылдайтын ғылыми кеңестер құрылатын болып келісілді. Мұндағы басты идея - ғылымға қажетті қаржыны мемлекеттік қызметшілер мен шенеунік емес, ғалымдар анықтайтын болады, сөйтіп ол ғылыми кеңестердің шешімі бойынша бөлінеді. Бір сөзбен айтқанда, ғалымдардың еркін тыныстап, өз әзірленімдерін экономиканың түрлі салаларына енгізіп, сынап көруге, қажетке жарап жатса, оны мемлекет игілігіне жаратуға кең жол ашылғалы отыр. Отырыс барысында ғылыми кеңестерді сондай-ақ экономиканың маңызды салаларында да құру қажеттігі айтылды. Осы тұста атап өтерлігі, саны бар сапасы жоқ, жүрдім-бардым ғылыми жобаларды экономикаға күштеп енгізуге жол берілмейді. Еліміздегі барлық ғылыми бағдарламалардың жобалары мен зерттеулер халықаралық тәуелсіз сараптамадан өтетін болады. Тоқетерін айтқанда, сүзгіден сүрінбеген жобалардың ғана ғұмыры ұзақ болады.
Енді Үкіметке берілген тапсырмаларға қайырылсақ. Министрлер кабинетінің алдында тұрған күрделі міндеттердің бірі - елдің қаржы секторының орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін нығайту. Бұл үшін қаржылық қадағалау рөлін айтарлықтай күшейту, сақтандыру мәселелері жөніндегі заңнаманы өзгерту, бюджет заңнамасының тиімділігін арттыру қажет. Мемлекет басшысы «тұтас алғанда елдің қаржы жүйесі экономиканы әртараптандыруға, инновациялық-өнеркәсіптік өсуге жұмыс істеуі тиістігін» шегелеп тұрып айтты. Елбасының ендігі бір қойған міндеті - Үкімет, ұлттық холдингтер мемлекеттік бюджет шығындарын қысқартуы және ұлттық қор нарығында қарыз алуды облигациялар шығару арқылы барынша пайдалануы қажет. Мұның өзі қазіргі дағдарыстың әлі де кесірткідей қауқары барын білдірсе керек. Сондықтан да мемлекет ендігі жерде аяғын аңдап басып, қарыз алудың басқа жолдарын қарастыратын болады. Осы тұста бұл бағытта алғашқы қадам жасалып қойғанын айта кету керек. Қаржы министрлігі таяуда ішкі қор нарығына көлемі 15 млрд. теңге шамасында МАОКАМ атты кірістілігі АҚШ долларына байлаулы мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруды жоспарлап отырғанын жария етті. Бұл экономиканың өсімін ынтыландыру үшін Үкімет тарапынан жасалып жатқан қосымша қаржы құралдарының бірі.
Шағын және орта бизнесті өркендетпей, ешбір елдің экономикасы өрге баспайтынын нарық қағидаттары дәлелдеп берді. Сондықтан, етек-жеңін жиғалы бері кәсіпкерлердің қамын жеген Қазақстан мемлекет дамуының жауапты кезеңінде бұл жұмысты одан әрі күшейтпек. «Қазір іскерлік ахуалды жақсарту мен отандық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жаңа жүйелі шаралар аса қажет», деген Елбасы Үкіметке кәсіпкерлікті тексеру жүйесін оңтайландыруды жүктеді. Бұдан былай тексеруге қатысты дүниелердің барлығы да бір Заңға жинақталатын болады. Бұдан бөлек, Үкіметке мемлекеттік және корпоративтік сатып алуда қазақстандық қамтуды ұлғайту және импортты одан әрі алмастыру жөніндегі заң жобасын ағымдағы жылғы 1 қазанға дейін Парламентке енгізу тапсырылды. Бұл жұмыспен заңды түрде айналысу үшін Парламент оны жылдың соңына дейін қабылдауы қажет. Сонымен қатар, әлеуметтік саланың тармақтарын белсенді дамыту қашандағыдай мемлекеттің назарынан тыс қалмайтын болады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша заңнамалық актілерге, білім туралы заңға түзетулер енгізілетін болады. Жұмыссыздықпен күресті жөнге келтірген «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру алдағы жылы да жалғасады. Оған қазынадан қажетті қаржы қарстырылады.
Елбасы атап көрсеткеніндей, осы сессияда Парламент жұмысының шешуші басымдықтарының бірі әкімшілік және құқықтық реформаны қамтамасыз ету, қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру болуға тиіс. Осы орайда халықтың, ең алдымен, сот жүйесіне оның ашықтығы мен тиімділігі, соттар жұмысында заңдылықтың қатаң сақталуы арқылы сенімін арттыру керек. Парламенттің алдында жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің және Әкімшілік іс жүргізу кодексінің жобаларын қарау міндеті тұр. Осы сессия барысында құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге, қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған заң жобаларын қабылдау керек. Депутаттардың алдында Қазақстан, Ресей және Беларустың Кеден кодексі бойынша ратификациялық рәсімдерді жүргізуді қоса алғанда, ортақ кедендік кеңістікті заңнамамен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру міндеті тұр. Сонымен қатар Парламент депутаттары барлық мемлекеттік органдармен бірге Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ төрағасы функцияларын орындауына белсенді қатысуы тиіс. Қысқасы, Мемлекет басшысы орта мерзімді перспективадағы ел дамуының басым тұстарын айқындап берді. Ендігі сөз Үкімет пен Парламентте.