Білім беру - басты құндылық

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сарапшы-мамандар «Дағдарыс деген әлсіз билік үшін құлдырау, ал күшті билік үшін жаңа мүмкіндік» деген қанатты сөзді жиі айтады.
None
None

Дағдарыс жағдайында Қазақстан туралы сөз етсек, оның билікке де, халыққа да жаңа мүмкіндіктер туғызып отырғанын көреміз. Мәселен, кейбір сәуегейлер экономикалық ахуал қиындаған кезеңде еліміздегі мектептер мен балабақшалар құрылысы тоқтап қалады деп болжаған. Алайда елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде мектептер мен балабақшалар салу қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бұл туралы 23 қарашадағы Үкіметтегі селекторлық отырыста білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов хабарлады.

Министр биыл мектептер мен балабақша салуға Ұлттық қордың есебінен 17,3 млрд. теңге бөлінгенін мәлімдеді. Ол ақша 51 білім беру нысанының құрылысын қаржыландыруға жұмсалған. Соның ішінде 34-і мектептер (26-сы - үш ауысымдық, 8-і - апаттық), 17-сі - мектепке дейінгі білім беру мекемелері. Олардың бәрінің құрылысы 2016 жылы аяқталады. А. Сәрінжіпов барлық нысандар бойынша құрылыс жұмыстары 2 айға алға озып келе жатқанын жеткізді. «51 нысанның құрылысына тек жергілікті компаниялар тартылды. Отандық кәсіпорындар шығарған материалдар қолданылуда. Сондықтан бөлінген қаражаттың дағдарысқа қарсы күресте аса жоғары тиімділікке апаратыны даусыз» деді министр.

Атап айтарлығы, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов селекторлық отырыста мектептердегі орын жетіспеушілігіне, елімізде қанша апатты мектептер барына назар аударды. Мәселен Білім және ғылым министрінің айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда 40 апатты мектеп бер екен. Аслан Сәрінжіпов бұл мектептерді салу 2016 жылға жоспарланғанымен оған басқа салада игерілмеген қаражатты аударуды сұрады. «Еліміздегі апатты жағдайдағы 40 мектептің орнына жаңадан 40 мектеп салуға шамамен 40 млрд. теңге қажет. Бұл екі жылды қоса алғандағы есеп. Егер де басқа салаларда игерілмеген ақша болса, біз қосымша оны игеруге дайынбыз. Өйткені бізде қажеттілік бар» деп мәлімдеді министр. Сонымен қатар, оның айтуынша, 2015 жылы елімізде 340 мың бала 1-ші сыныптың табалдырығын аттаған. Биыл былтырға қарағанда республикада 400 мың бала көп туылған. Демек 5 жылдан кейін 1-ші сыныпқа 400 мың бала барады деген сөз.

Мәселенің күрделі екені даусыз. Бірақ Үкімет оны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесі арқылы шешуді ойластыруда. Қазір көптеген өңірлерде бұл тәжірибе іске асырылып жатыр. Мысалы, мектепке дейінгі тәрбие және білім беру саласында 18 балабақша салынуда. Оның ішінде 11-і - Шығыс Қазақстан, 3-уі - Маңғыстау, 3-уі - Солтүстік Қазақстан облыстарында. Қызылорда облысы да бұл тәжірибеден тыс қалған жоқ. Құзыретті министрлік хабарлағандай, 2016 жылы облыстағы 11 жалпы білім беретін мектептің, 600 орындық кәсіптік-техникалық колледждің құрылысына жекеменшік инвестиция тарту қарастырылуда.

Соңғы жаңалықтар