11:22, 08 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Білім беру нысандарының барлығын жөндеуден өткізу үшін Қарағанды облысына 50 млрд. теңге қажет - аймақ басшысы
ҚАРАҒАНДЫ. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысында тек қана білім саласына, барлық білім беру нысандарын жөндеуден өткізу үшін 50 млрд. теңге қажет. Сейсенбі, қыркүйектің 7-сі күні облыс орталығында «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен бірқатар әлеуметтік нысандарды аралаған соң аймақ басшысы Серік Ахметов журналистерге осылай деп мәлімдеді.
«Әрине, «Жол картасы» бағдарламасының жалғаса бергендігі жақсы болар еді. Алайда мұндай қаражат бюджетте жоқ. Үкімет аймақтарға мұндай қаражат бөле алмайды», - деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, аймақ басшысының пікірінше, бұл мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен шешуге болады. «Біріншіден, біз аймақтағы әлеуметтік саланың даму бағдарламасын қабылдаймыз. Екіншіден, мен бюджеттен тыс қаражаттарды тартуды мақсат етіп қойдым. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту арқылы ғана жүзеге асады, яғни біздің облысқа келіп әлеуметтік нысандарды салатын инвесторларды табу керек, ал біз оларға жағдай жасаймыз», - дейді С.Ахметов.