Білім беру ұйымдарының 75%-ы лицензиясы бар күзетпен келісім жасады
«Бүгінде еліміздегі білім беру ұйымдарының 75%-ы лицензиясы бар күзетпен келісімге келді. Дабыл батырмасымен мектептердің 92%-ы қамтылса, турникет мектептердің 61%-да орнатылған. Бұл бағыттағы жұмыс біздің министрлік және әкімдіктермен бірлесіп жалғасын тауып жатыр. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі Үкімет отырысында қаралып, Премьер-министр жаңа оқу жылында еліміздегі барлық білім ошақтарын 100% жабдықтауды жүктеді», - деді Еділ Оспанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, аталған мәселе министрліктің жіті бақылауында.
«Әкімдіктер білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамту жұмысына жергілікті бюджет есебінен 12,7 млрд теңге қаржы бөлді. Бүгінде тиісті құрал-жабдықтар сатып алынып жатыр», - дейді министрдің орынбасары.