Білім беру жинақтау жүйесінде 19 мыңнан астам салымшы тіркелді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесінде 17 млрд теңгеге жуық қаржы тіркелді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі - бұл Қазақстан Республикасының кез келген азаматы үшін болашақта Қазақстанда және шетелде кәсіби-техникалық, жоғары білім ақысын төлеуге болатын, өзінің немесе баласының атына білім беру жинақтау салымын ашу.

Аталған жинақтау жүйесі Қазақстанның әрбір азаматына балаларын қазақстандық немесе шетелдік жоғары оқу орындарында оқыту үшін жинақтаушы депозит ашу мүмкіндігін береді. Бұл депозитке 14 пайызға дейін банктің пайыздары түсіп тұрады. Сондай-ақ, салымшылар мемлекеттің 7 пайыздық (тұрғындардың осал тобы) немесе 5 пайыздық (басқа да тұрғындар) мемлекеттік үстемақысын алу мүмкіндігіне ие.

«Бүгінгі күні 16,8 млрд теңге сомасына 19 мыңнан астам салымшылар тіркелген. Атап айтсақ, 2015 жылдың ақпан айында 4,7 млн теңге көлемінде мемлекеттің алғашқы үстемақысы төленген, ал 2016 жылы бұл сома 325,6 млн теңге болса, 2017 жылы 458 млн теңгені құрады»,- делінген министрлік мәліметінде.

АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Сингапур, Малайзияда да төмендетілген салық тарифтерінің, мемлекеттік үстемақылар және пайыздық мөлшемелер есебінен қаржы жинақтау депозиттік жүйесі жұмыс істейді. Бұл елдерде жинақтау бойынша ата-аналарға баланың атына 18 жасқа толғанша жылына 2000 АҚШ доллары мөлшеріне дейін салым салып тұруға рұқсат етіледі. Бұл қаражатты кәсіби білім алу үшін салық төлемей шешіп алуға болады. Осылайша, Қазақстандағы білім беру депозиттері басқа мемлекеттердегідей балалардың болашақтағы білімі үшін ақша жинақтауға көп көмегін тигізеді.

Соңғы жаңалықтар
telegram