Білім гранттарын жағдайы төмен отбасыларға ғана беру керек - Қанат Нұров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Аспандау" ғылыми-білім беру қорының басшысы Қанат Нұров білім гранттарын тарату жүйесін өзгертуді ұсынып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде білім саласындағы мемлекеттік тапсырыстың көлемі екі есеге артса да, кедей отбасылардан шыққан балалардың жартысынан көбі грант сияқты қаржылай қолдауды көріп отырған жоқ. "Себебі үлкен бір проблема бар. Қаламен салыстырғанда ауылда ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсеткіші әлдеқайда төмен болып тұрады. Ал ауылдық квота 30 пайызбен берілсе де, оған ілігетін жастар некен-саяқ. Өйткені тестті тапсыра алмай жатқандар көп. Енді, бұл мәселені қалай шешу керек? Меніңше, білім гранттарын әлеуметтік жағынан аз қамтылған, бірақ дарынды балаларға беру керек. Ондай мүмкіндікті мүгедектерге де берген дұрыс. Оны таза әлеуметтік шара деп қабылдамау қажет. Аталған бастама экономикалық жағынан да тиімді. Себебі ауыл жастарында үлкен стимул бар. Олардың қоғамда өз орнын табуға деген ынтасы зор", - деді Қ.Нұров ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бірінші проректоры Қанат Тіреуов те ауыл жастарының грантқа іліге алмай жүргенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, білім гранттарын таратудың қазіргі жүйесі ауыл жастарына еліміздің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік бермей отыр. Себебі қала мен ауылдың орта білім деңгейі әртүрлі, мектеп оқушыларын даярлау жағынан әлі де алшақтық бар. "Мәселен, 2018 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде ауыл мектептерін бітірген түлектердің 57 пайызы - 26 000 мыңнан астам адам ең төменгі ұпайды жинай алмады. Сөйтіп, конкурстан өте алмады. Ал ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде кедей отбасылардан шыққан студенттердің жартысынан көбі ешбір қаржылай қолдаусыз оқып жатыр", - деп атап көрсетті Қ.Тіреуов.

Айта кетейік, бүгінгі жиында негізгі баяндаманы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов жасады. Оның айтуынша, биыл грант тарату жүйесінде бірқатар өзгерістер болады. Бұдан бөлек, мектеп түлектеріне мамандықты таңдау жағы жеңілдей түседі. Вице-министр қосымша гранттардың қалай таратылғанын да айтып берді. Ал "Серпін" бағдарламасының гранттары игерілмей жатыр.

Соңғы жаңалықтар