Білім министрі 1 мың жаңа мектепті салу қадамдарын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы 4 жыл ішінде жыл сайын 200 мектеп салынатын болады. Бұл туралы Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларды орындауға арналған Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқапарат тілшісі.

«Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру бағыттарына тоқталған министр: «Біріншіден, 1000 жаңа мектеп құрылысы бойынша атап өтейін. Болжамға сәйкес 2025 жылы урбанизация мен туу деңгейінің өсуіне байланысты мекептерде қосымша 993 мың орынға қажеттілік пайда болады. Сондықтан орын тапшылығын болдырмау үшін 1 мың жаңа мектепті салу 4 негізгі механизм арқылы іске асырылады: мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі, жекеменшік мектептер желісін дамыту, модульдік мектептер салу», - деді.

Оның айтуынша, жоспарға сәйкес биылғы жылдың өзінде 200 жаңа мектеп іске қосылады. Келесі 4 жыл ішінде жыл сайын 200 мектеп салынатын болады.

«Жергілікті атқарушы органдар осы 1000 мектепті салу үшін қажетті жер учаскелерін алдын-ала бөліп, оның интерактивті картасын әзірлеуі қажет. Оған қоса 1500, 2000, 2500, 3000 оқушыға арналған мектептердің заманауи типтік жобаларын дайындау керек деп есептейміз. Осы тапсырманың орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу үшін арнайы электрондық портал іске қосылады», - деді министр.

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.


Соңғы жаңалықтар