Білім министрі кадрлық қамтамасыз ету жөніндегі портал құруды ұсынды
«Басқару органдарының, оқу орындарының, жұмыс берушілердің, шетелдік серіктестердің өзара іс-қимылының негізіне айналатын экономиканы кадрлармен қаматамасыз ету мәселелері жөніндегі қазақстандық порталды құруды ұсынамыз», - деді министр Астанада өтіп жатқан «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты ІІІ Халықаралық форумда сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ ол серіктестіктің негізгі бағыттары, соның ішінде жұмыс берушілердің қатысуы деңгейі бойынша өңірлердің жыл сайынғы рейтингісін жасауды ұсынды.
«Кадрларды дярлау сапасын басқарудың маңызды тетігі мамандарды сертификаттау болып табылады. Осындай бағалауды салалық қауымдастықтар базасындағы мамандандырылған орталықтарда өткізуді ұсынамыз. Онымен бірге, әр салада сертификаттандырылған қызметкерлердің деректер банкін құру қажет», - деп жалғастырды Жұмағұлов.
Онымен қоса, ҚР БҒМ, адами ресурстардың дамуына жауап беретін менеджерлердің кәсіби бірлестігі сияқты HR-директорларының (Human Resources - адами ресурстар) клубын құру бастамасын көтеріп отыр.
«Клуб кадрлар даярлаудың кәсіптік стандарттары мен бағдарламаларын жетілдіруді, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуды және тағы да басқа жүйелі мәселелерді шешуде көмек көрсететін болады», - деп түйіндеді министр.