Білім министрлігі 2015 жылға қарай барлық мектептерді оқулықпен толық қамтуды жоспарлайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы мемлекеттік қаражат есебінен мектептерді оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен толықтай қамтамасыз ету жоспарланады. Парламент Мәжілісінде «Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету проблемалары мен шешімдері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, оқулықтармен толық қамтамасыз ету процесі кезең кезеңімен жүзеге асатын болады. «Оқулықтарды қайта басып шығарудың төрт жылдық циклына байланысты, қазіргі таңда бұл оқулықтарды сатып алу арқылы іске асады. Мектеп кітапханаларының кітап қоры оқу пәндерінің санына, сыныптағы оқушылар санына байланысты қалыптасады. Бүгінгі таңда Астана және Алматы қалалары, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары оқулықпен толық қамтамасыз етілген. Басқа өңірлерде, мәселен Солтүстік Қазақстан, Алматы, Қостанай, Ақмола облыстарында әлі де мәселелер бар», дейді А. Сәрінжіпов.
Оның айтуынша, оқулықтарды тегін қамтамасыз ету республика бойынша 96,4 пайызды құрайды.
«Бір оқулықтың басылып шығуына үш сарапшы қатысады: ғалым, әдіскер және білім беру ұйымының мұғалімі. Биыл шетелдік мамандарды тарту арқылы авторлар мен сарапшыларды біліктілігін арттыру басталды», деді А. Сәрінжіпов.