Білім министрлігі ата-аналарға гранттардың үлестірілу процесін көрсетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғары білім жүйесінде биылғы оқу жылында терең өзгерістер болмайды. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алтын белгі» мәселесі бойынша республикалық комиссия жан-жақты қарастырып, қосымша гранттар бөліп, дұрыс шешімге келді деп есептеймін. Биыл комиссияның жұмысына ата-аналардың өкілдері қатысты және олар грант бөлу үдерісінің ашықтығын өздері көрді», - деп атап өтті Е. Сағадиев.
Оның сөзіне қарағанда, биылғы оқу жылында терең өзгерістер болмайды.
«Білім саласындағы ең маңызды шешімдер былтыр қабылданып, ағымдағы жылы сол жұмыстарды ары қарай жалғастырамыз», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Алтын белгі» иегерлері үшін қосымша гранттар бөлінді.
«Қолданыстағы заң бойынша «Алтын белгі» иегерлері артықшылық құқығына сәйкес гранттармен қамтылуы керек. Сол себепті республикалық комиссия аталған санаттағы абитуриенттерге университтердің, ҚР БҒМ мен Денсаулық сақтау министрлігінің қаржысы есебінен грант бөлу туралы шешім шығарды. Гранттардың саны 4 процентке, яғни 1487-ге көбейді», - дейді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова.