Білім министрлігі студенттері шу шығарған «Орхидея» колледжі бойынша тиісті шараларды қолға алуға уәде етті
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше бұқаралық ақпарат құралдары Алматыдағы «Орхидея» медициналық колледжінің сапасыз қызметі туралы хабарлаған болатын.
Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігі аталған оқу орны бойынша тиісті шараларды қолға алатындығын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласындағы «Орхидея» атты медициналық колледждің айналасында туындаған дау-дамайдың негізгі себебі - фармацевтерді даярлайтын аталған оқу орнында студент-жастардың емін-еркін білім алуларына қажетті жағдай жасалмаған. Онда төрт-ақ аудитория бар, ал асхана мен спортзал мүлдем жоқ. Бір оқытушы бірнеше пән бойынша сабақ береді. Студенттер болса, екі жылдан бері сынақ кітапшаларын көрмеген.
Бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов осы мәселе бойынша тиісті шаралардың атқарылатындығын жеткізді. «Біз ол колледж туралы әлі естіген жоқпыз. Дегенмен, тиісті шараларды қолға алатын боламыз», - деп атап көрсетті С.Шаяхметов.