Білім министрлігі ЖОО-лар секілді мектептерге де жан басына қаржыландыруды енгізбек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғару оқу орындары секілді мектептерде де жан басына қаржыландыруды енгізу жоспарланады. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осылай мәлім етті.
«Мемлекеттік және жекеменшік секторлардағы жағдайды теңдестіру мәселесі баршылық. Біз ЖОО-лардағы қағидат секілді мектептерде де жан басына қаржыландыруды енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұндай идеяны енгізу жан-жақты талқыланып жатыр. Осы мәселені мұғалімдермен, мектеп директорларымен, аудандық, облыстық білім басшыларымен, Қаржы министрлігінің өкілдерімен мұқият зерттейтін боламыз. Пісіп, жетілгенде тағы бір таныстырамыз оны. Дегенмен, бұл жүйе негізінен ірі қалаларда енгізіледі деп жоспарланады», -деді Е. Сағадиев.
Оның айтуынша, жан басына қаржыландыруды ауылдық мектептерде енгізу әзірше мүмкін емес. Бұл ретте министр мектептерде жан басына қаржыландырудың экономикалық қана емес, әлеуметтік тиімділігі де бар екенін алға тартады. Мәселен, Мәскеу қаласында үш жыл бұрын осы қағидат енгізіліп, қазір теңдессіз нәтижеге қол жеткізілді.
«Біріншіден, бұл жерде білім беру сапасы біршама артады. Мұғалім мектептегі ең басты тұлғаға айналады. Өйткені, бала мектептен мектепке ауысатын болса, ол өзімен бірге қаржысын да ала кетеді. Сондықтан да, қай мектепте бала көп болса, сонда бюджет те көп. Жақсы мектепте жақсы мұғалімге сұраныс артады. Сол арқылы балалар да көптеп келеді. Яғни, мұғалімнің маңызы өседі. Екіншіден, жан басына қаржыландыруда мектепке қатысты әкімшілік шығындар бірден төмендеген», - деді Е. Сағадиев.