Білім министрлігіне қарасты ЖОО оқытушыларының жалақысы 25 пайызға артады
Педагогтар мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі барысында Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігіне қарасты жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын 1 қыркүйектен бастап орташа есеппен 25 пайызға арттыру жоспарланып отырғандығын айтты.
«Директорлар кеңесін құру мәселесі де қарастырылып жатыр. Оның құрамына білім саласындағы топ-менеджерлер, сарапшылар, жұмыс берушілер, мемлекеттік тапсырысты бөлетін ұйымдардың өкілдері кіреді. Жоғары оқу орындарын лига бойынша саралау жүргізіледі. Біз тиімсіз жоғары оқу орындарын оңтайландыру жұмысын жалғастырамыз», - деді министр.
Оның атап өтуінше, елімізде жоғары оқу орындары 4 лига бойынша сараланатын болады. Бірінші лигаға халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жоғары оқу орындары кіреді.
«Мұндай жоғары оқу орындары 100 пайыз академиялық еркіндікке ие болады. Мемлекеттік бақылаудан босату оларға тексеруге алаңдамауға мүмкіндік береді», - деді ол.