Білім саласына басымдық беру - бұл болашаққа ақыл-ой инвестициясын салумен бірдей

nbsp; АСТАНА. Маусымның 11‑і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ «Қазіргі даму үрдісінде болашаққа инвестиция салудың 3 түрлі жолы бар. Оның біріншісі - мұнай мен газдан түскен қаржыны бүгінгі тұрмысты жақсарта түсу үшін, қазір жұмсау. Бұл жолдың болашақ үшін пайдасы мардымсыз болары анық. Екінші - сыртқы әлемнен тыс, өзіндік ортада іштей даму. Бұл бағытты қолдаушылар жеткілікті. Өйткені, сыртқы әлеммен бәсекеге түспей өмір сүру кейбіреулер үшін қолайлы, бірақ болашақ даму үшін дұрыс таңдалған жол емес.
None
None

Ал біз үшінші жолды таңдадық. Ол - білім мен инфрақұрылымға инвестиция салу. Әрине, білім саласы бірден нәтиже бере қоймайды. Алайда біз бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау арқылы болашақта дамудың жаңа мүмкіндігіне қол жеткізе алатындығымызға сенеміз. Әлем елдері арасында бәсекеге қабілетті болу үшін инфрақұрылымға инвестициялаудың маңызы зор. Қазақстан түбінде ДСҰ-ға кіреді. Сонда сапалы білім мен өнімге салған инвестиция өз жемісін беретін болады». Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өткен аптада Алматыда өткен Қазақстандық инвестициялық форум барысында осылай мәлімдеген болатын. Бұндай инвестициялық форум осы аптада елордада жалғасын тапты.

Бір апта бұрын Алматыда бастау алған осынау форум осы аптада «Astana іnvest-2010» Халықаралық инвестициялық форум деген атпен елорда төрінде болып өтті. Астанадағы жиынға Ресей, Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдерінің белді қаржы сарапшылары мен іскер топтар өкілдерінің қатысуы жиынның салмағын арттыра түскендей. Бұндай беделді сарапшылар мен айтулы іскер топтар өкілдерінің басын қосып, елордада алқалы жиын өткізудің өзіндік себебі де бар. Өйткені, Үкімет басшысы К. Мәсімов айтпақшы, «Астана біздің тәуелсіздігіміздің символы ретінде, сондай-ақ бұдан әрі дамудың локомотиві болып табылатын қала ретінде бірінші кезекте инвестицияны нақты түрде тартуда және қолайлы жағдай туғызу тұрғысында басқаларға үлгі болуы тиіс».

Бұл ретте, Үкімет басшысы елорда аумағында орын тепкен заманауи жоғары технологиялық өндірістерге тоқталып, солардың барлығын шетелдік инвестицияны тартудың жарқын үлгісіне балады. Осы тұрғыдан алғанда, ел дамуының алдағы жылдары үшін де маңызды болып табылатын инвестицияны үдету мәселесінде елорда басқа өңірлерге үлгі болуы тиіс.

Өз кезегінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде «елорда - бүкіл Қазақстан аумағындағы ең қауіпсіз қала», - деп мәлімдеді. «Біз жалғыз үндеулермен, жалаң декларациялармен бизнесті де қызықтыра алмасымызды, инвестицияларды да ұлғайтпасымызды анық сеземіз. Ендеше бизнес-әріптестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың өнімді жұмыс істеулері үшін жайлы өмір ауанын түзу - басты міндет. Мен қала билігінің бұл міндет үдесінен табысты шығып отырғандығын сенімділікпен айта аламын. Бүгінде Астана - Қазақстанның ең қауіпсіз қаласы», деді И. Тасмағамбетов. Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда елорданың жалпы өңірлік өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 60 пайызды құрайды. Ал, кәсіпкерліктегі қызмет көрсету секторының деңгейі 2009 жылғы 33,3 пайыздан 43 пайызға дейін өскен. Елорда орныққаннан бері негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 22 есеге ұлғайған.

Жалпы, инвестиция мәселесі ел дамуы үшін үлкен маңызды мәселе. Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанның тәуелсіздіктен бері қарай өз экономикасы үшін тікелей тартқан инвестициясы 108 млрд. долларды құрайды. Орталық Азиядағы барлық шетелдік инвестицияның 80 пайызы да Қазақстанның еншісіне бұйырған. Жан басына шаққан көрсеткіште бұл өте қомақты деңгейді білдіреді. Яғни, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан инвестиция мәселесінде табысты мемлекеттердің біріне айналып отыр. Расында, дағдарыс кезеңінде де бұл салаға қаржының жол табуы Қазақстан экономикасының салмағын білдіретіндей. Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздің сыртқы қаражаттық қолдаулар үшін ұзақмерзімді инвестициялық тартымдылықты сақтап қалғанын аңғарамыз. Мәселен, 2009 жылғы қаңтар‑қараша айларындағы негізгі капиталға салынған инвестиция ауқымы 3897,1 млрд. теңгені құраған. Бұл 2008 жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 2,3 пайызға артық көрсеткіш болып табылады. Есепті кезеңде басқа да капиталдандыру жұмыстарына және шығындарға қатысты инвестициялық салымдардың 42,4 пайызға артып отырғаны да байқалған. Бұл ғаламдық дағдарыс жағдайындағы Қазақстан үшін аса жағымды көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Ал ағымдағы жылдан бастап, қолға алынған жедел индустрияландырудың бесжылдық жоспарын орындауда тікелей инвестициялардың ағылуына септігін тигізеді. Яғни, ел әлеуетіне, болашақ экономикалық қадамдарға қарағанда әлі де сырттан қаржы тартуға мүмкіндіктер жоғары. Дегенмен де, бұған дейінгі қол жеткен нәтижелерді сараласақ, Қазақстан негізінен шикізатқа бай мемлекет ретінде инвесторлардың назарына көбірек іліккен. Инвестицияның негізгі көзі де сол секторға жолданғаны анық көрінеді. Ендігі мақсат шикізаттық емес секторға тікелей инвестициялар тарту болып табылады. Бұл ретте сарапшылар көбінесе қазақстандық индустрияландыру жобасына, сондай-ақ жаңадан іске кірісіп отырған Кеден одағының әлеуетіне назар аудартып келеді. Өйткені, шикізаттық емес секторды дамытып, оған инвестиция тарту үшін ең әуелі тұтыну рыногының қаншалықты ауқымды қамтитындығына назар аударылатыны сөзсіз.

* * *

Инвестиция тарту қаншалықты әлеуетті мәселе болса, қолда бар қаражатты дұрыс салаға бағыттай білу одан да әлеуетті шара. Ал, елдің бәсекелестігін дамытуда білім-ғылым саласына басымдық беру - бұл болашаққа ақыл-ой инвестициясын салумен бірдей. Яғни, келешектің қамын адами капитал арқылы белсендіре түсу. Жалпы алғанда, білім-ғылым сапасы кез-келген мемлекет үшін тұрақты әрі орнықты дамудың негізгі факторы болып табылады. Соның ішінде білім саласындағы адами капитал ілгерішіл өзгерістердің, инновацияның және елдің өнімділігін арттыратын басты қозғалтқышы екені даусыз. Расында, жаһандану заманында әрі ұлттар мен мемлекеттердің өзара бәсекелестігі мен ықпалдастығы артып отырған жағдайда, ең бірінші кезекте, адамның «ақыл-ойына», оның біліміне көп күш салынатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы соңғы жылдардағы халыққа жолдауларында білім саласын реформалауға қатысты мәселелерді дүркін-дүркін алдыға қойғаны мәлім. Оның үстіне саналы түрде басқарылатын дамудың ұзақ мерзімді көрінісін қамту үшін де бүгінгі ұрпақтың заман ағысынан кейін қалмай, сапалы білім нәрімен сусындай түсуі қай кезде де өзекті мәселенің бірі болып қала бермек.

Бұған дейін Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қабылдаған Үкімет ендігі кезекте денсаулық сақтау, білім мен ғылым, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту туралы бағдарламаларды қабылдайтындығын бұдан бұрын да сөз еткенбіз. Үкіметпен қабылданатын осынау төрт бағдарламаның жүзеге асуы тікелей Мемлекет басшысының бақылауында болатыны да айтылған еді. Осы аптада Үкімет мүшелері Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасының «тұсауын» кесті. Әрине, бұл тұсаукесер таныстырылым алғашқы сипатында өрбіп, алдағы екі ай ішінде онжылдық бағдарламаны одан сайын пысықтау қажеттігі туындады.

Енді осы аптада таныстырылған білім беру бағдарламасының жобасына келетін болсақ, бұнда бірқатар жаңалықтар қамтылып отыр. Біріншіден, мұғалім мәртебесін көтеру. Шындығында, бұған дейін Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев ұстаздар қауымының мәртебесін заңдық жолмен бекітуге талпынған болатын. Дегенмен ұстаздық мәртебені көтерудің негізгі жолы - мұғалім жалақысын арттырумен тығыз байланысты. Бұл тұрғыда Ж. Түймебаев : «Мұғалім мәртебесін арттыру үшін педагогтың орташа жалақысын экономикадағы орташа жалақы деңгейіне дейін көтеру және еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін ендіру жоспарлануда. Бұл мақсаттарға қажетті қосымша шығыстар жылына 118 миллиард теңгені құрайды» деп атап өтті. Оның айтуынша, жалақыны арттыру мұғалімнің категориясына қарай жүргізіледі. Мәселен, екінші категориялы мұғалім үшін үстемақы базалық қызметтік жалақысынан 150 пайыз, бірінші категория үшін - 200 пайыз және жоғары категория үшін 300 пайыз деңгейінде болады. Бұл ретте жоғары категориялы мұғалімдер орташа республикалық деңгейден жоғары жалақы алатын болады. Осыған байланысты Қазақстанда білім беру жүйесін қаржыландырудың жаңа тетіктері іске қосылады. Атап айтқанда, «әр мектепті жан басына шаққандағы, яғни оқушы санына қарай қаржыландыру», «ЖОО-ға түскен студенттің оқуын мемлекет пен банктердің несиелендіру жүйесі» және «мұғалімдердің біліктілігін арттыруды ваучерлік қаржыландыру».

Министрдің айтуынша, мұғалімдер үшін жалақыны және үстемақыны көтерумен бірге, ұстаздардың жұмысының сапасына қойылатын талап та артады. Мәселен, «Педагогтардың даярлық деңгейін тәуелсіз сыртқы бағалау, соның ішінде орталықтандырылған тестілеу жолымен бағалау ендіріледі. Сонымен бірге жоғары категорияға мұғалімдерді аттестациялау кезіндегі біліктілік талаптары күшейтіледі» деді Ж. Түймебаев.

Жалпы алғанда, онжылдық бағдарлама екі кезеңмен іске асатын болады. Бұның 2011-2015 жылдарды қамтитын бірінші кезеңіне қажетті қосымша шығыстар 527 млрд теңгені құрайды. Бұндай шығынның басым бөлігі білім беру саласындағы ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамытуға, электронды оқытуға, педагогтар жалақысын ел экономикасындағы орташа жалақы деңгейіне дейін жеткізуге бағытталады.

Екіншіден, бағдарлама бойынша 2020 жылға қарай еліміздің барлық ауылдары мен қалаларындағы балалар мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мекемелерімен қамтылатын болады. Бұндай міндетті Мемлекет Басшысы ағымдағы жылғы Жолдауында жүктеген болатын. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру шараларына тоқталған министр, «2015 жылға дейін 187 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар және 647 шағын орталықтарды ашу жоспарланып отыр», деді.

Жалпы, Білім және ғылым министрлігі тарапынан әзірленген Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасын Премьер-Министр К. Мәсімов жақсы бағалады. Дегенмен, еліміздің бұндай әлеуметтік маңызы зор бағдарламаға еліміздің әрбір тұрғыны қатысуы тиістігін ескерген Үкімет басшысы, жобаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау керектігін алға тартты.

Сондай-ақ Үкімет басшысы бағдарламадағы жастар саясатын жетілдіруге баса назар аударды. «Мен кеше Таразда кеңес өткіздім. Онда облыстық білім беру саласының және құқық қорғау органдарының басшылары өңірдегі жағдайды баяндады. Онда көтерілген мәселелер тек Жамбыл облысына ғана емес, сонымен бірге жалпы Қазақстанға да ортақ», деп атап өтті Үкімет басшысы. «Шынайы өмірде біз балама көзқарастардан ұтылмауға тиіспіз. Себебі қанша тырысқанымызбен, ақпараттық ықпал ету, яғни оның ішінде басқа елдің телесериалдары жастарға өте қатты әсер етуде. Өзге арналардан көрсетіліп отырған сериалдар біздің жалпы насихаттау шараларымызға қарағанда ықпалы мол болып отыр. Сондықтан бұл бағдарлама аясындағы жастар саясаты мәселелеріне, оның ішінде шынайы өмірде ақылдылар, дарындар мен балғындардың жас жүректері үшін күресуіміз қажет. Атап айтқанда, біздің құндылықтар осы бағдарламада нақты түрде қаралуы тиіс», деді Үкімет басшысы.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы алдағы айда Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасының талқыланатынын жеткізді. «Мемлекеттік тіл - бұл аса маңызды мәселе. Алдағы айда мемлекетттік тіл тұрғысындағы бағдарламаны Үкіметте талқылаймыз. Біздің мақсатымыз - 10 жылдан кейін Үкімет үйінің дәл осы залында білім берудің алдағы 10 жылдық бағдарламасын тек қана қазақ тілінде талқылау мүмкіндігіне қол жеткізу», - деді Премьер-Министр.

Сонымен бірге Үкімет басшысы орыс тілін ұмытпау керектігін және ағылшын тілін үйрену қажеттігін еске салды.

Соңғы жаңалықтар