Білім саласында да былықтар баршылық - Қызылорда облысы

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеңестің күн тәртібіндегі мәселелерге орай облыстық қазынашылық департаменті директоры Ә.Ысқақовтың есебі тыңдалды. Департамент басшысы атқарылған игі істермен қатар орын алған кемшіліктерді де атап өтті. Соңғы үш жыл ішінде 14 мемлекеттік қызметшінің біліктіліктері, оның ішінде екі қызметкердің біліктілігі он жылға жуық арттырылмаған. Ал Заң бойынша үш жылда бір рет біліктіліктерін арттырып тұруы тиіс. Бұл мақсатта тиісті ұйымдастыру шаралары жүргізілмеген. Жіберілген кемшіліктердің қатарында директордың бұйрықтарының мөр басылып бекітілмеуі де ұшырасады. Кеңес мүшелері департамент басшысына көрсетілген кемшіліктерді талаптарға сәйкестендіруге байланысты жұмыстар жасауды ұсынды.
Келесі мәселе бойынша Қармақшы ауылдық дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері А.Бәйменованың тәртіптік ісі қаралды. Қаржы полициясы берген мәліметтер бойынша ол материалдық көмек жөніндегі Үкімет қаулысын дұрыс басшылыққа алмай өзіне артық көлемде материалдық көмек төлеген. Сонымен қатар амбулаториядағы жалғыз дәрігер болғандықтан күндізгі стационар дәрігері лауазымына берілген 0,5 бірлікті өз атына жазып алған. Осындай әрекеттерімен бас дәрігер бюджетке 168 мың теңге залал келтіреді. Алайда кейіннен негізсіз иемденген бұл қаржыны мемлекет қазынасына қайтаруға мәжбүр болады. Кеңес мүшелері осыны ескеріп, А.Бәйменоваға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза белгілеу жөнінде денсаулық сақтау саласы басшыларына ұсыныс берді.
Бұған дейінгі Тәртіптік кеңес отырысында Жалағаш ауданы Аламесек ауылындағы №124 мектеп директоры Г.Бекмұрзаеваның тәртіптік ісі қаралуы тиіс болатын. Бірақ ол кезде емделіп жүруіне байланысты кеңес отырысына қатыса алмаған еді. Сол себепті оның мәселесін талқылау келесі отырыстың күн тәртібіне енгізілді. Алайда ол ережеге сәйкес үш күн бұрын алдын ала ескертілсе де бұл жолғы отырысқа келмей қалды. Соған байланысты кеңес мүшелері оның тәртіптік ісін сырттай талқылауға мәжбүр болды.
Мектеп директоры мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген тұлға ретінде заңдылықтардың сақталуын қамтамасыз етпеген. Атап айтқанда, қарамағындағы қызметкерлердің еңбекақыларын уақтылы бергізбей жүрген. Тек ұжымдағы моралдық-психологиялық ахуал ушыққаннан кейін барып жалақы беріледі. Осындай жағдайларға байланысты арыз-шағымдар түсіп, білім ошағының басшысы өзінің беделіне дақ түсіретін әрекеттердің орын алуына жол берді. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" заң талаптарын басшылықа алған Тәртіптік кеңес мүшелері мектеп директорына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде аудандық білім бөлімі басшылығына ұсыныс түсірді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе де білім ордасы басшысына қатысты болды. Облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатының директоры О.Қуанышбаевтың есімі бұған дейінгі кеңес отырысында аталған болатын. Бірақ ол кезде кәсіптік мектеп директоры ретінде білім ошағының басшы құрамына артық жалақы төлеуіне қатысты талқылауға түскен еді. Ал бұл жолы мектепке күрделі жөндеу жүргізу барысында өзінің үйіне пластикалық 9 үлкен және 3 кішкентай терезе салдыртқан. Қазіргі күні мектеп басшысы еңбек демалысында болуы себепті кеңес мүшелері ол жұмысқа түскеннен кейін тәртіптік ісін тақылауға облыстық білім басқармасы бастығына ұсыныс берді. Ұсыныста директордың атқарып отырған қызметіне сәйкестігін шешу айтылған.
Білім саласына қатысты мәселе мұнымен шектелген жоқ. Кеңесте сондай-ақ Қазалы ауданы білім бөлімінің бастығы Б.Жолтаев пен №259 мектептің директоры А.Сейталиевтің тәртіптік ісі қаралды. Ауданның білім саласының басшысы мектептің бұрынғы директоры Қ.Смағұлға жоғары не арнаулы орта білімі болмаса да орта білімді Ғ.Ерниязованы орыс тілі маманы ретінде қабылдауға тапсырма береді. Осылайша "Психология" мамандығы бойынша оқып жатқан Ғ.Ерниязова орыс тілі маманы болып қабылданады. Осыдан кейін мектеп директоры болып тағайындалған А.Сейталиев мұғалімнің сырттай оқып жатқаны туралы анықтамасы болмаса да аяқталмаған жоғары білімді деген категориямен бірнеше ай заңсыз ақша төлеген. Соның нәтижесінде бюджеттен 57 930 теңге қаржы негізсіз төленеді.
Мәселені талқылау барысында қажетті мамандардың жетіспеушілігі, сондай-ақ ауданның білім саласының биылғы жетістігі ескеріліп, оларға сөгіс түріндегі тәртіптік жаза белгілеу жөнінде аудан басшылығына ұсыныс берілді.
. Отырыс соңында кеңес мүшелерінің жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесі, сонымен бірге Тәртіптік кеңестің 2009 жылдың екінші жарты жылдығына арналған жұмыс жоспары талқыланып бекітілді.