Білім сапасы тәрбиеге де байланысты - тәрбиеші пікірі

ОРАЛ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы биылғы Жолдауында да білім саласына айрықша көңіл бөлді.
None
None

Мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуы, орта мектептердің он екі жылдық жүйеге көшірілуі және интеллектуалдық мектептердің құрылуы біздің саламызға да серпіліс берері даусыз. Бұл ретте білім сапасына ерекше мән берілетіні түсінікті. Осы орайда белгілі бір табысқа, түпкі нәтижеге қол жеткізу үшін білім мен тәрбиені ұштастырып отыру қажет. Бұл туралы Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінің тәрбиешісі Балкүміс Ақбисекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, әсіресе, бұл интернаты бар мектептер үшін айрықша маңызды. Мәселен, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешені интернатында облыс аудандарынан келген 250 оқушы тәрбиеленіп, білім алуда.

Жыл сайын оқу жылы басында тәрбиешілердің әдістемелік бірлестігінде бекітілетін тәрбие жұмысының жоспарына сәйкес түрлі шаралар атқарылып келеді. Шәкірттерге рухани-адамгершілік бағытта тәрбие берумен қатар олардың шығармашылық қабілеті мен мәдениеті, өнерге құштарлығы да қалыс қалмайды. Жас жеткіншекті көзден таса қалдырмай, дарынын дамытып отырса, оның өз қатарынан озып шығары даусыз. Айталық, 10-класс оқушысы Оралбек Ысқақ аз уақыттың ішінде талантымен дараланып, өлеңдері баспасөз бетінде жарияланып, өзі республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегер-жеңімпазы атанып үлгерді. Сол сияқты шетел тілінен арнайы кластарда оқитын балалар да көштің алдынан көрініп келеді. Бұл ретте Елбасы айтқан қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгеру осы жастар бойынан көрініс тауып отыр. Олар ҰБТ-ға да жыл бойы дайындалып, көздеген оқуларына түсуге тырысады. Өйткені үздік білім ғана өрге шығаратынын шәкірттер жақсы түсінеді. Олардың арасынан, бәлкім, Астанада жаңадан ашылып жатқан Н.Назарбаев атындағы халықаралық университетте оқитындар да табылып қалар.

«Шын мәнісінде біздің елімізде жас ұрпақтың жақсы білім алуы үшін толық жағдай жасалып отыр. Оған мұғалімдер де, тәрбиешілер де өз үлесін қоса бермек», деді тәрбиеші.

Соңғы жаңалықтар