Бiлiм вице-министрi 1-сынып оқушыларына Президент атынан сыйлық табыстады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада бүгiн 500-ге тарта оқушы жаңадан ашылған №77 мектеп-гимназиясының табалдырығын аттады. Бұл балалардың iшiнде 200 оқушы үшін бүгін алғашқы қоңырау соғылды, олар - әлiппе бетiн алғаш ашып отырған бүлдiршiндер.
None
None

Жаңа бiлiм ошағының ашылуына ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Такир Балықбаев қатысып, оқуларында табыс тiледi.

"Бүгiн - Бiлiм күнi, өте мерейлi мереке. Бiлiм күнiнде жаңа мектептер ашылып жатыр. Соның бiрi - мiне, сендер табалдырығын аттаған №77 мектеп-гимназиясы. Бұл мектеп 1200 балаға арналған және қазақ тiлiнде бiлiм бередi. Ана тiлiмiз бен ағылшын тiлiн тереңдетiп оқытады. Жаңа оқу жылында жаңа мектепте бiлiмдерiңдi ұштай берiңдер, бүлдiршiндер", - дедi Т.Балықбаев өз құттықтауында.

Естерiңiзге сала кетейiк, биыл 1-сыныпқа барған барлық оқушыларға ҚР Президентi атынан сый жасалады. Вице-министр де жаңа ашылған мектептiң бiрiншi сыныбына барған 168 балаға Президент атынан Елбасының "Менiң Отаным - Қазақстан" атты кiтапты табыс еттi.

"Елбасының бұл кiтабы бiлiм әлемiн ендi танитын бүлдiршiнге өз елi, өз Отаны туралы бәрiн айтып бередi. Бұл - бағасы қымбат сыйлық. Ендi әрiп таныған бала осы кiтапты оқи отырып, туған жерiн бағалауды үйренедi", - деп атап өттi Т.Балықбаев.

Айта кетейiк, биыл елiмiз бойынша 157 мектеп жаңадан салынса, оның 84-i Бiлiм күнiнде ашылып отыр.

Соңғы жаңалықтар