Білім және денсаулық мамандары бүгінгі жастар проблемасын талқылады

Бұл туралы бүгін «Жастар денсаулығы мен өмірлік дағдылары: заманауи тәсілдер мен озық тәжірибелер» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында мәлім болды, ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Конференция жұмысына еліміздің барлық өңірінен білім және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының және үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары қатысты.
Көп жағдайда үлкен өмірге жаңадан қадам басқан жастардың айналада болып жатқан проблемаларға төтеп беруге және өз денсаулығына көңіл бөлуге өмірлік тәжірибесі болмайды. Бұл теріс әрекеттерге, соның ішінде өз-өзіне қол салуға дейінгі түрлі қауіп-қатерлі факторларға әкеп соғуы мүмкін.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметіне сәйкес, соңғы онжылдықта жыл сайын 15-29 жас аралығындағы 200-ге жуық жас азаматтан айырылып келеміз. Осылайша жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау травматизмнен кейінгі екінші орында тұр.
Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған шараларды іздестіру нәтижесінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесіп жасөспірімдер мен балалар арасындағы суицидке қарсы жобаны қолға алды. Бұл жоба 2015 жылы Кызылорда облысының аумағында сәтті жүзеге асырылып, нәтижелері ғылыми-тәжірибелік конференцияда сарапшылармен талқыланды.