Білім және ғылым министрі бастаған республикалық ақпараттық-насихаттық топ Жамбыл облысында жүр

Ақпараттық топ аймақта Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауының негізгі тармақтарын түсіндіру жұмысын жүргізеді, деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Ақпараттық топтың құрамына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, ҚР денсаулық сақтау, экономикалық даму және сауда, көлік және коммуникация, ішкі істер, мәдениет және ақпарат, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ статистика, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттіктерінің өкілдері кірді.
Ақпараттық топтың аймақтағы жұмысы облыс активінің басшылық тобымен кездесуінен басталды.
Жиналғандар алдында сөз алған Б. Жұмағұлов Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» бағдарламалық мақаласында, сондай-ақ миллиондаған қазақстандықтар тыңдаған 5 қыркүйектегі интерактивті дәрісінде қойған міндеттердің орындалу барысы туралы айтып өтті.
Министр бірінші жарты жылда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5,6%-ға өсіп, бүгінде әр адамға шаққанда 12 мың долларға жақындағанын жеткізді. Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. 2010 жылдан бастап 440 жаңа индустриалды нысан іске қосылды. Алдағы 5 жылда 250-ден астам кәсіпорын салынады. Оған 150 мың қазақстандық жұмысқа орналасатын болады.
Жыл басынан бері халықтың нақты табысы 13%-ға өсті. Бізде жұмыссыздық деңгейі - 5,3%, жастар бойынша - 3,8%. Еуроаймақпен салыстырсақ, ол жерде жұмыссыздық деңгейі 11,3%-ға, жастар арасында - 22,6%-ға жеткен, ал кей елдерде тіпті 50%-дан асқан. Нұрсұлтан Әбішұлы дағдарыстың себептерін талдай отырып, осының бәрі «тұтыну идеологиясының кесірінен» деп атап көрсетті.
Қазақстан Давос форумында жарияланған рейтингте айтарлықтай жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бәсекеге қабілеттілік рейтингінде еліміз бірден 21 орынға көтеріліп, 51-ші орынға шықты. Ешбір елде бір жылдың ішінде мұндай өсу болмаған. Бұл - бірегей көрсеткіш.
Министрдің пікірінше, бұған экономикалық факторлар ғана себеп болып отырған жоқ. Мұндай нәтижеге білім мен ғылым жүйесін түбегейлі жаңарту арқасында да қол жеткізіп отырмыз. Білім саласында 11 көрсеткіш бойынша өсу байқалды.
Оның ішінде «Университеттер мен бизнестің ынтымақтастығы» (2011 жылмен салыстырғанда + 29 позицияға жоғары), «Персонал біліктілігін арттыру» (+ 24 позиция), «Ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы» (+ 13 позиция), Білім жүйесінің сапасы» (+ 11 позиция) және т.б.
Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленген жаңа базалық механизмдерді іске асыру нәтижесінде осындай көрсеткіштерге жеттік. Соңғы 2 жылда біз 40-тан астам механизмдерді енгіздік.
Елімізде қазіргі уақытта білім беру объектілері көптеп салынуда. 2015 жылға қарай 522 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олардың 146-сы осы жылы салынады.
Қазақстандық ғылым саласы жөнінде де сөз қозғалды. 2010 жылдан бастап жағдай түбегейлі өзгерді. Ғылымға жастар көптеп келе бастады, кадр әлеуетінің өсуі байқалды. Бұл - Елбасы ұсынған білімді басқарудың жаңа моделін енгізудің тікелей нәтижесі.
Алға қойған мақсаттарға жету барысында Жамбыл облысының қосқан үлесі бар. Мемлекеттік органдардың жұмыстарының қорытындысы бойынша Жамбыл әкімдігінің қызметі жоғары бағаланды. 100 балдың 72-ден астамын жинаған. 2010 жылмен салыстырғанда бюджетті және персоналды басқару барынша жақсарған. Қызметкерлердің көпшілігі белгіленген мерзімде аттестаттаудан өткен. Мемлекеттік қызмет көрсету көрсеткіші де жоғарылады. Актілер мен тапсырмаларды орындау тиімділігі бойынша жамбылдықтар 100 балл жинап, бірінші орынға шықты.
Сөз соңында Б. Жұмағұлов өзіне қойылған сұрақтарға жауап берді. Бүгін сондай-ақ жұмыс тобы ҮИИДБ аясында медициналық мақсаттағы бұйымдарды жасайтын отандық «Super Pharm» ЖШС аралады.
Бірнеше күннің ішінде жұмыс тобы аймақтың барлық аудандарының тұрғындарымен кездеспек.