Білім және ғылым министрі Қазақстанның үздік ұстаздарына жаңа міндеттерді жүктеді
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Қазақстанның үздік ұстаздарын марапаттау рәсімінде жоғары оқу орындарына жаңа міндеттерді жүктеді.
«Назарбаев университеті мүлдем бөлек принцип - білім беру, ғылым және инновация бойынша құрылды. Бүгінде бұл қазіргі заманды біріктіріп отырған үштік. Онсыз қарқынды даму болмайды. Сондықтан Назарбаев университетінде жасалған жүйені отандық жоғары мектептерге бейімдеп, енгізу мақсаты тұр. Бұны іске асыратын алғашқы жол салушы сіздер боласыздар», - деп атап өтті министр.
Б.Жұмағұловтың айтуынша, бүгінде білім жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшыраған. Оның басты мақсаты жастарымыздың бойында білімді өздігімен іздеп, сусындау, сол білімді күнделікті өмірде жарата білу ептілігін қалыптастыруға бағытталып отыр. Мамандарды даярлау ісі де толығымен жаңаша көзқараспен жасақталуда.
«Біз қазіргі уақытта болашақ мамандардың кәсіби стандарттарын жасаудамыз. Жоғары мектептердегі үдерістер де жаңартылуда. Қазақстан жыл сайын шетелдің ең үздік мыңнан астам профессорлары шақырылады. Ешбір елде бюджеттік қаражаттың есебінен шетел профессорларын шақыру бағдарламасы жоқ. Студенттердің академиялық жеделдігі де бюджеттік бағдарламамен іске асырылады. Әлем елдері бұл бағдарламаны тек студенттердің есебінен іске асыруда. Бұның барлығы Мемлекет Басшысының тікелей қолдауының арқасында», - деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, Қазақстанның 200 ұстазы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағымен марапатталды. Атақ иегерлері әлемнің Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Бельгия, Польша, Чехия, Венгрия, Швеция, Австрия, Болгария, Литва, Латвия, Ресей және басқа да елдердің үздік жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік беретін гранттарға ие болды.