Білім және ғылым министрлігі 8,3 млрд. теңге мемлекет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берген - Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігі 8,3 млрд. теңге мемлекет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берген. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Президенттің Жарлығымен бекітілген ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жастардың кәсіптік білім алуына қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін 2014 жылға Атырау қаласында мұнай-газ саласы үшін, Екібастұз қаласында отын-энергетика саласы үшін, Шымкент қаласында өңдеу және Өскемен қаласында машина жасау салалары үшін 4 өңіраралық кәсіптік орталықтың жұмыс істеуі қарастырылған.

«2011-2013 жж. аралығында республикалық бюджеттен өңіраралық орталықтар салу үшін Министрлікке 11,4 млрд. теңге бөлінген. Алайда, жоспарланған 4 объектінің ішінде тек біреуі ғана Атырау қаласында салынып, пайдалануға берілген. Министрліктің және оған ведомстволық бағыныстағы «Қазақстан Республикасының салынып жатқан білім және ғылым объектілерінің дирекциясы» ЖШС лауазымды тұлғалары тарапынан жіберілген заң бұзушылықтар нәтижесінде 8,3 млрд. теңге мөлшерінде республикалық бюджеттің мемлекеттік қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілген», - делінген хабарламада.

2013 жылғы қарашада Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұз қаласындағы өңіраралық кәсіби орталықтың құрылысы барысында орындалған жұмыс көлемін асырып көрсету және олардың жобалау-сметалық құжаттамадан 10,8 млн. теңгеге ауытқу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласындағы кәсіби орталықтың құрылыс нормативтерінің өрескел бұзылуына байланысты тоқтатылды, өйткені ол монолиттік жабындардың майысуына, салмақ түсетін темірбетон конструкцияларының жарылуына әкеп соқтырған.

«ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Өскемен қаласындағы өңіраралық кәсіби орталықтың құрылысы барысында 1,1 млрд. теңге сомаға бюджеттік қаражатты ұрлау фактісі бойынша Білім және ғылым министрлігінің бұрынғы вице-министріне және басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты қозғалған қылмыстық істі тергеумен аяқтады, оларға Қылмыстық кодекстің 176-бабы 4-бөлігінің «б» тармағы (қызмет бабын пайдаланып бюджеттік қаражатты ірі көлемде ұрлау) бойынша айып тағылды. Қазіргі таңда айыпталушылар мен олардың қорғаушылары іспен танысуда», - деп жазады ведомство.

Шымкент қаласындағы өңіраралық кәсіби орталықтың құрылысы да жер дауының болуына байланысты іске асырылмады. Атап айтқанда, Шымкент қаласының әкімдігі кәсіби орталықтың құрылысы үшін бөлінген жер учаскесінің бөлігін жекеменшікке берген. Нәтижесінде орталықтың құрылысы тоқтатылды, ал жер учаскесін мемлекет мұқтаждығына сатып алу салдарынан мемлекет мүддесіне 40.9 млн. теңге сомаға залал келтірілді.

Осыған қоса, Орталық құрылысы бойынша жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарттың мерзімі бір жыл бұрын аяқталғанына қарамастан, Министрлік оны ұзарту немесе берешек сомасын (367,4 млн. теңге) өндіріп алу жолымен шартты бір жақты тәртіппен бұзу туралы мәселе бойынша қазіргі таңға дейін шешім қабылданбаған.

Атырау қаласында өңіраралық кәсіби оқу орталығын салу кезінде де едәуір заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, объектіде құрылыс-монтаждау жұмыстары көптеген кемшіліктермен жүргізілген, нәтижесінде құрылыс 14 айдың орнына 5 жылға созылған. Бұдан басқа, Атырау облысының прокуратурасы объектіде 3,3 млн. теңге сомасына орындалмаған, бірақ төленген жұмыс көлемін анықтады.

Осыған байланысты, Атырау және Шымкент қалаларында Орталықтар құрылысына бөлінген бюджет қаражаттарының жұмсалуын тексеру материалдары Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды.

Тексеру қорытындысымен Бас прокуратура Білім және ғылым министрлігіне заңдылықты бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізді.

Орын алған заң бұзушылықтар жайлы Қазақстан Үкіметі де хабардар етілді.

Соңғы жаңалықтар