Білім және ғылым жүйесі бәсекелестіктің бірқатар индикаторында төмен көрсеткіште тұр - Білім министрі

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Білім және ғылым жүйесі бәсекелестіктің бірқатар индикаторында төмен көрсеткіште тұр. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлім етті.

Білім және ғылым жүйесі бәсекелестіктің бірқатар индикаторында төмен көрсеткіште тұр - Білім министрі

Министр білім саласында біршама жетістіктерге жеткенімізге қарамастан, білім мен ғылым жүйесі елдің бәсекеге қабілеттілікті арттыратын факторы болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, биылғы жылы Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 144 елдің арасында 50 орынға ие болды. «Алайда, білім және ғылым саласының алты индикаторы бойынша көрсеткіштер төмен болып отыр. Мәселен, бастауыш білімімен қамту индикаторы бойынша 118 орындамыз, ғылыми-зерттеу индикаторының сапасы бойынша 108 орында, ғылымдар мен инженерлердің қолжетімділігі бойынша 104 орын, ЖОО мен бизнестің ғылыми зерттеу және тәжірибелік жұмыстар арасындағы ынтымақтастығы бойынша 90 орындамыз. Осыған орай, министрліктің үшжылдық жұмыс жоспарын жасап жатырмыз. Ол аталмыш көрсеткішті жақсартуға бағытталған», - дейді А. Сәрінжіпов.

Бұл ретте министр жұмыстарды жүргізуге ресурстар жеткілікті екенін, алайды бірқатар жүйелі мәселелерді шешудің қажеттілігін алға тартты.