Білім және ғылымдағы мемлекеттік саясат саласында негізгі басымдықтар бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды - Үкімет басшысы
«Бақытжан Тұрсынұлы есімі елге танымал, мол еңбек тәжірибесі бар азамат. Ол бұған дейін бірнеше жауапты қызметтер атқарды. Б. Тұрсынұлының Мемлекет басшысы жүктеп отырған зор сенім үдесінен шығатынына сенімдімін», деді.
Сондай-ақ соңғы уақытта білім және ғылымдағы мемлекеттік саясат саласында негізгі басымдықтар бойынша бірқатар жұмыстардың атқарылғандығын атап өткен К. Мәсімов, ендігі білім саласындағы міндеттердің айқын екендігін баса айтты. Бұл орайда ол ендігі уақытта жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жоғары техникалық білім ордаларында, мектепте және «Балапан» бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі білім беруде қол жеткізілген басымдықтардың тәжірибеде жүзеге асуына баса назар аудару керектігін қадап айтты.
Сонымен қатар Премьер-Министр, кеше ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты мәжіліс өткізгендігін айта келіп, «келесі айда мемлекеттік тіл мәселесі бойынша, ал желтоқсан айында жастар мәселесіне арналған арнайы мәжіліс өткіземіз», деді.