BilimClass білім беру платформасына кибершабуыл жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық BilimClass білім беру платформасына кибершабуыл жасалды. Қазіргі уақытта компания мамандары пайдаланушылардың деректерін қорғау шараларын қабылдап, оқиғаның салдарын бағалап жатыр. Бұл туралы платформаның баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми мәлімдемеге сәйкес, кибершабуыл 29 қараша күні сағат 01:09–да болған.
— Қазіргі таңда біздің басты міндетіміз — оқушылардың, ата-аналар мен педагогтердің деректерін қорғау. Командамыз алғашқы шараларды қабылдап, шабуылдың платформаның жұмысына қалай әсер еткенін тексеріп жатыр, — делінген хабарламада.
Компания келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, қосымша ақпарат BilimClass платформасының ресми арналары арқылы жарияланатынын мәлімдеді.
Осы материалды дайындау барысында платформа тағы бір мәлімдеме жасады.
— Тексеріс нәтижесіне сәйкес, кибершабуыл жасаушы платформаның аударма сервисіне қол жеткізіп, кейбір оқу пәндерінің атауын өзгерткен. Қазіргі таңда тексеріс жұмысы жалғасып жатыр, нәтижесі туралы ақпаратты сіздерге бөлісіп отырамыз, — делінген мәлімдемеде.
Толығырақ айтқанда, BilimClass платформасының жұмысы қалыпқа келтірілді.
Айта кетейік, бұған дейін BilimClass техникалық ақаудан кейін пайдаланушылардың дерегі сыртқа тарамағанын мәлімдегенін жазғанбыз.