Билік ауысқаннан кейін 800 мыңнан астам сириялық босқын еліне оралды
АСТАНА. KAZINFORM — Жүздеген мың сириялықтың отанына қайта оралуы көпжылдық қақтығыстан кейінгі мүмкін тұрақтанудың алғашқы белгілерінің бірі болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының деректеріне сәйкес, 2024 жылғы желтоқсанда Сирияда Башар Асадтың билігі құлағаннан бері көрші елдерден шамамен 850 мың адам үйлеріне қайтқан.
Жоғарғы комиссарының орынбасары Келли Клементстің айтуынша, алдағы апталарда оралғандар саны 1 миллионға жетуі мүмкін.
— Бұл қарқынды кезең. Бізде соңғы 14 жылдағы халықтың жаппай қоныс аударуына қатысты ең ірі жаһандық мәселелердің бірін шешуге мүмкіндік туып отыр, — деді Клементс Дамаскке сапары барысында Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, уақытша орталық үкімет ел аумағының басым бөлігін бақылауына алғаннан кейін бұған дейін ел ішінде қоныс аударған шамамен 1,7 млн сириялық та өз қауымдастықтарына қайтып оралған.
In Syria, I saw how the will to rebuild is struggling to overcome the harsh reality of destroyed homes, lack of services and jobs.
— Kelly T. Clements (@KellyTClements) September 2, 2025
Returning refugees are desperate for support.
UNHCR and partners are working with local authorities to deliver - we won’t
turn away now. pic.twitter.com/PLBR8c5oMR
2011 жылғы наурызда басталған қақтығыс салдарынан шамамен жарты миллион адам қаза тапты және соғысқа дейін 23 млн тұрғыны болған ел халқының жартысы баспанасын тастауға мәжбүр болды. Қақтығыс жылдарында 5 млн-нан астам сириялық көрші елдерден, соның ішінде Ливаннан, Иорданиядан және Түркиядан пана тапты.
Клементстің айтуынша, адамдардың дәл қазір елге қайту себептері әртүрлі, ал кейбірі әлі де күтуге бейім. Сирия–Ливан шекарасына сапары кезінде ол Сирияға бет алған адамдар мен жүк көліктерінің кезегін көргенін айтты.
Ливан билігі елде заңсыз жүрген сириялықтарды тамыз айының соңына дейін шығып кету шартымен жазадан босатты. Соның нәтижесінде соңғы күндері мыңдаған адам шекарадан өткен. Әлемде жан басына шаққандағы босқындарды ең көп қабылдаған ел — Ливан әлі де негізгі кету пункті болып отыр.
Families are returning to Tall Refaat, #Aleppo, to damaged and empty homes, with no electricity or clean water.
— UNHCR Syria (@UNHCRinSYRIA) August 11, 2025
UNHCR & @SYRedCrescent are distributing core relief items to 1,581 returnees families—mattresses, blankets, solar lamps & more—to help them start their lives again. pic.twitter.com/2zSXL0iZ7y
Сонымен қатар, сириялықтардың оралуына жаңа зорлық-зомбылық ошақтары кедергі келтіріп отыр. Наурызда жағалауда алавиттерді жаппай өлтіру оқиғасы болса, шілдеде Сувейда провинциясында друз қауымының өкілдері қырғынға ұшырады. Тек шілденің өзінде ғана үкіметшіл жасақтар мен друз жауынгерлері арасындағы қақтығыс салдарынан Сирияның оңтүстігінде шамамен 190 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
Содан бері Сувейдаға Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасының белсенді қатысуымен 21 гуманитарлық керуен жіберілді. Клементстің айтуынша, қарулы топтардың апталап қоршауда ұстаған Дамаск–Сувейда тас жолының қайта ашылуы гуманитарлық көмекті жеткізу үшін шешуші рөл атқарады.
Еске сала кетсек, Сирия 14 жылда алғаш рет мұнай партиясын экспорттады.