Билікті басып алуға дайындалған: Қырғызстанның экс-президентінің ұлы қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Бішкектің Бірінші май аудандық соты Қырғызстан ІІМ Тергеу қызметінің парламенттік сайлаудан кейін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалған күдіктілер тобына қатысты өтінішін қанағаттандырды, деп жазады Kazinform.
Соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, ұсталғандар қамауға алынып, 2026 жылғы 17 қаңтарға дейін УҰИ-ға қамалды. Олардың арасында Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың кіші ұлы Қадырбек Атамбаев, «Социал-демократтар» партиясының мүшелері, сондай-ақ бұрынғы депутаттар мен шенеуніктер бар.
«Социал-демократтар» партиясының жетекшісі Темірлан Султанбеков, партия мүшесі Қадырбек Атамбаев және экс-депутат Кубанычбек Қадыров ҚК-нің 326-бабы «Билікті күштеп басып алу» бойынша айыпталып отыр. Қалған жеті адамға жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, соның ішінде зорлық-зомбылық, қирату, өрт қою, мүлікті жою және атыс қаруын қолдану фактілері бойынша күдік келтірілген.
Бұған дейін ел президенті Садыр Жапаров өз үндеуінде Қырғызстандағы жағдайды дестабилизациялауға бағытталған кез келген әрекет сәтсіз болатынын мәлімдеді.