Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан – АҚШ бәсекесінде Рыбакина таразы басын теңестірді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Шэньчжэнь қаласында теннистен Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Қазақстан мен АҚШ матчында қос құрама үздіктері кортқа шықты.

Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 10, ал оның америкалық қарсыласы Джессика Пегула 7-орында тұр.
Осыған дейін екі теннисші өзара төрт рет кездесіп, соның үшеуінде Пегула басым түскен еді.
Бұл жолы Рыбакина бірінші партияны брейкпен түйіндеді – 6:4. Елена екінші сетте де 3:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк жасап, есепті 5:1-ге жеткізді. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:1.
Бір сағат 11 минутқа созылған бәсекеде Е.Рыбакина 9 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Пегула 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Енді матч тағдыры жұптық кездесуде шешіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстанмен матчта АҚШ-тың алға шыққанын жазған едік.