Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан АҚШ құрамасына жол берді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Шэньчжэнь қаласында теннистен Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Қазақстан – АҚШ матчы аяқталды.

Соңғы әрі шешуші кездесуде Қазақстан құрамасы Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваға сенім артты.
АҚШ әлемнің жұптық сындағы бірінші ракеткасы Тейлор Таунсенд пен Джессика Пегуланы шығарды.
Бастапқы партияда қос брейкке қол жеткізген америкалық дуэт басымдылық танытты – 6:2.
Екінші сетте қазақстандықтар 4:1 есебімен алға кеткенімен, Таунсенд – Пегула таразы басын теңестірді – 4:4. Тай-брейкте америкалықтар күш алып кетті – 7:6 (7:1).
Бір сағат 22 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина – Путинцева 4 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Пегула – Таунсенд 4 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы командалық әлем чемпионатында 18 рет жеңімпаз атанған АҚШ-қа 1:2 есебімен есе жіберді.
Ю.Путинцева жекелей сында Эмма Наварромен өткен ойында қос бірдей матчболынан мүлт кетпегенде, Қазақстан жеңіске жететін еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстанмен матчта АҚШ-тың алға шыққанын жазған едік.
Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан – АҚШ бәсекесінде Рыбакина таразы басын теңестірді.