Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан – АҚШ матчында кімдер ойнайтыны белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде Қазақстан – АҚШ матчының жеребесі тартылды.

Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан – АҚШ матчында кімдер ойнайтыны белгілі болды
Фото: ҚТФ / Kazinform

Командалық әлем чемпионатының ширек финалында қос құраманың арасындағы кездесу 18 қыркүйекке белгіленген.

Бәсекені әлемдік рейтингіде 61-орындағы Юлия Путинцева мен әлемнің 18-ракеткасы Эмма Наварро бастайды. Қос теннисші осыған дейін өзара кездеспеген.

Бұдан кейін Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина мен рейтингіде 7-сатыдағы Джессика Пегулаға кезек келеді. Бұдан бұрын Пегула Рыбакинаны үш рет жеңіп, біреуінде жеңілген. 

Жарыс фавориттерінің бірі АҚШ жұптық сында да мықты. Тейлор Таунсенд әлемдік рейтингіде көш бастаса, оған Маккартни Кесслер көмектеседі. Дегенмен қазақстандықтар Анна Данилина - Жібек Құламбаеваға үміт артады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның АҚШ командасымен бәсекеде барын салатыны жөнінде айтқанын жазған едік. 

Сондай-ақ Елена Рыбакина АҚШ мықты құрама болғанымен, Қазақстанда да мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар