Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан құрамасы Испания командасын жеңе ала ма
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қытайдың Шэньчжэнь қаласында теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Испания командасымен ойнайды.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, аталмыш матч Қазақстан уақытымен сағат 14.00-де басталады.
Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне осымен төртінші рет қатысып отыр. Бұған дейін қазақстандық теннисшілер 2022, 2023 және 2025 жылдары осы кезеңде өнер көрсетті. Өткен жылы құрама ширек финалда АҚШ командасына 1:2 есебімен жол берген болатын.
Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамалар рейтингінде жетінші орында тұр, ал Испания төртінші сатыда орналасқан. Турнирдің бес дүркін жеңімпазы атанған испаниялықтар соңғы рет 1998 жылы үздік шыққан.
Қазақстандық теннисшілер сәуір айында Астанада Канада құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, жарыстың финалдық кезеңіне жолдама алған еді. Юлия Путинцева жекелей сында екі рет жеңіске жетсе, Анна Данилина мен Жібек Құламбаева жұптық кездесуде команда қоржынына тағы бір ұпай қосты. Ал Испания құрамасы іріктеу кезеңінде Словенияны дәл осындай 3:1 есебімен жеңді.
Қазақстан намысын бұл жолы Юлия Путинцева, Анна Данилина, Жібек Құламбаева және Соня Жиенбаева қорғайды. Команда капитаны — Юрий Щукин.
Ю.Путинцева Билли Джин Кинг кубогында жекелей сында ең көп, 24 рет жеңіске жеткен қазақстандық теннисші саналады. Жалпы турнирде Юлия 27 матчта қарсыластарынан басым түскен. Тағы бір ұтыс оған Галина Воскобоеваның жалпы жеңістер саны бойынша ұлттық рекордын қайталауға мүмкіндік береді.
Испания құрамасының сапында Кристина Букша, Кейтлин Кеведо, Джессика Бузас Манейро, Марина Бассольс Рибера және Сара Соррибес Тормо бар. Команда капитаны — Карла Суарес Наварро. Букша WTA рейтингінде жекелей сында 35-інші, ал жұптық сында 14-орында тұр. Қазақстан мен Испания арасындағы матч екі жекелей және бір жұптық матчтан тұрады. Келесі кезеңге өту үшін команда екі кездесуде жеңіске жетуі қажет.
Бұл кездесудің жеңімпазы 25 қыркүйекте өтетін жартылай финалда Чехия командасымен кездеседі. Чехиялықтар ширек финалда Ұлыбританияны 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Шэньчжэнь қаласында 22-27 қыркүйекте өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде әлемнің сегіз ұлттық құрамасы бақ сынап жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президенттің Елена Рыбакинаны теннистен АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісімен құттықтағанын жазған едік.