Былтыр 62,7 мың гектарды шарпыған 609 орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы өрт қаупі жоғары маусымда мемлекеттік орман қоры жерлерінде жалпы ауданы 62,7 мың гектар болатын 609 орман өрті тіркелді. Бұл туралы Орманды мемлекеттік бақылау, қорғау және күзету басқармасының басшысы Жолбарыс Нияз мәлім етті.

орман өрті
Фото: Асанәлі Серғазыновтың жеке парақшасынан

Ормандарды өрттен қорғау шараларын күшейту мақсатында 2023 жылдан бастап мемлекеттік орман иеленушілердің материалдық-техникалық базасын жүйелі түрде жаңғырту басталды — бұл соңғы көптеген жылдар ішіндегі алғашқы ауқымды жаңарту болып отыр.

Сала маманының айтуынша, 2023–2024 жылдары жалпы 1078 бірлік техника және 1787 бірлік қосымша өртке қарсы жабдық сатып алынды, оның ішінде:

  • 118 өрт сөндіру автоцистернасы,

  • 242 мобильді орман өртке қарсы кешені (МЛПК),

  • 516 трактор мен жүк көлігі,

  • 202 патрульдік автокөлік,

  • және 1787 түрлі өзге де жабдықтар.

Биыл лизингтік қаржыландыру есебінен отандық өндірістегі өрт сөндіру техникасын жеткізу көзделіп отыр.

Жоспар бойынша 333 өрт сөндіру көлігі, 370 мобильді кешен және 339 трактор алынады.

2025 жылдың басынан бері 352 бірлік техника жеткізілді.

Қалған мемлекеттік орман иеленушілер 2026 жылғы өрт қаупі жоғары маусым басталғанға дейін өртке қарсы техникамен толық қамтамасыз етіледі.

Қабылданып жатқан шаралар елдің ең өрт қаупі жоғары өңірлеріндегі орман және табиғатты қорғау мекемелерін өртке қарсы техникамен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Өрт сөндіру машиналары орман шаруашылығы мамандарының қатысуымен және орман өрттерін сөндіру тәжірибесін талдау негізінде әзірленді. Техниканың конструкциясы орман жағдайының күрделі ерекшеліктеріне бейімделіп, қазіргі заманғы қауіпсіздік пен тиімділік талаптарына сай келеді, — деді Жолбарыс Нияз. 

Өрт сөндіру кезінде машиналардың ұзақ уақыт бойы өрт ошағында болуы салдарынан дөңгелектердің қызып кету жағдайлары тіркелген, бұл олардың өрт орнынан шыға алмай қалу қаупін тудырған.

Осыны ескере отырып, жаңа модельде кабина мен дөңгелек доғаларының өздігінен суыту жүйесі енгізілді — бұл төтенше жағдайда аса маңызды элемент.

Өрт сөндіру техникасының негізгі функционалдық артықшылығы — жүріс кезінде өрт сөндіру мүмкіндігі, бұл өрт ошақтарын оқшаулау процесін едәуір жылдамдатады.

Құрылымда жоғары өнімді сорғы орнатылған, ол тұрақты су беруді қамтамасыз етеді.

Су резервуарының көлемі 3 тонна, бұл орман ішіндегі жолдар мен қиын қолжетімді аумақтарда жүріп өту мен маневр жасау мүмкіндігі арасындағы оңтайлы теңгерімді қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрт қаупі жоғары жағдай тұрақты бақылауда. 

Ал, биыл елімізде 320 орман өрті тіркелді.

Соңғы жаңалықтар