Былтыр бюджет кірістері бойынша түсімдер неге төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр республикалық бюджеттің кірістері жылдық жоспардан 97,2 пайызға орындалды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев айтты.

бюджет
Коллаж: Kazinform; Freepik

— Республикалық бюджеттің кірістері жылдық жоспардан 97,2 пайызға орындалып, бюджетке 19,6 трлн теңге түсті. Оның ішінде, республикалық бюджеттің меншікті кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 13,5 трлн теңгені құрады, — деді М. Такиев.

Жоспар 608,6 млрд теңгеге орындалмады. Кірістер бойынша түсімдердің төмендеуіне келесі факторлар әсер етті:

— біріншіден, әлемдік геосаяси жағдайға байланысты кейбір өндіріс көлемінің қысқаруы мен логистикалық шығындардың өсуіне байланысты 188 ірі кәсіпорын бойынша түсімдер 1,4 трлн теңгеге азайды;

— екіншіден, бюджет есебінен 1 трлн 216 млрд теңге сомасында қосылған құн салығын рекордты мөлшерде қайтару орын алды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3 есе көп.

— үшіншіден, есепті жылы негізгі экспорттық металдар бағасының құбылмалығы сақталды. Мысалы, мырыш бағасы 22%-ға, алюминий 8%-ға төмендеді;

— төртіншіден, үшінші елдерден келетін импорт көлемі 2 млрд АҚШ долларына азайды.

— Сонымен қатар, 2024 жылы экономикадағы көлеңкелі айналымды қысқарту, оның ішінде фискалдық әкімшілендіруді цифрландыру жұмыстары жалғасты, осы арқылы бюджетке қосымша 1 трлн 280 млрд теңге түсті. 2023 жылмен салыстырғанда 349 млрд теңгеге немесе 37% көбейді. Мысалы, шамамен 377 млрд теңге тексеру актілері бойынша салықтар қоса есептеліп, камералдық бақылау қорытындысы бойынша бюджетке 262 млрд теңге өндіріп алынды, — деді министр.

Бұған дейін Қаржы министрі 2024 жылы әлеуметтік міндеттемелерді Үкімет толықтай орындағанын мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар