Былтыр «дропперлерден» 1 млрд теңге өндіріп алынды – Бас прокуратура

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы жалған банк қызметкерлерінен, құқық қорғау және басқа органдардың қызметкерлерінен, байланыс операторлары мен жақын туыстардан келіп түскен 8 мыңнан астам қоңырау тіркелді.

Былтыр «дропперлерден» 1 млрд тенге өндіріп алынды
Фото: Бас прокуратура

Қаскүнемдердің көп жағдайда шет мемлекеттерден әрекет етуіне байланысты халықаралық ынтымақтастық күшейтілді.

- Шетелдік әріптестердің қолдауымен Қазақстаннан тыс жерде біздің елдің азаматтарына қатысты әрекет жасаған 8 жалған колл-орталықтары жойылды, - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Басқа да шаралар кешені қабылданып жатыр.

Ұлттық банктің жанында алаяқтық транзакцияларды бұғаттауға арналған Антифрод-орталығы іске қосылды. Ол жұмыс атқарған жарты жыл ішінде күдікті операциялар бойынша 1,5 млрд тенге бұғатталды.

Прокуратураның бастамасы бойынша әкімдіктердің қолдауымен киберқылмыскерлерді анықтауға мүмкіндік беретін заманауи бағдарламалық кешендер алынды.

Бұл 2024 жылы 59 алаяқтық топты әшкерелеуге және банктік аударымдар мен жымқырылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру қызметін көрсеткен 128 азаматты қылмыстық жауаптылыққа тартуға септігін тигізді.

Тергеу органдары жәбірленушілерге келтірілген шығынды азаматтық сот тәртібінде «дроптардан» өндіріп алу жолын (АК-нің 953-бабы) түсіндіруге бағдарланған.

- 2024 жылы 800 талап арыз бойынша «дропперлерден» 1 млрд теңге өндіріп алынды, - делінген хабарламада.

Прокуратура жалған қоңырауларды дереу бұғаттау мақсатында киберполициямен, «Қазақтелеком» АҚ-мен және өзге байланыс операторларымен бірлесіп тиісті меморандум жасады.

- Аталған жоба аясында 19 мыңнан астам алаяқтық қоңыраулар бұғатталып, интернет-алаяқтықта қолданылатын 100 «СИМ-бокс» құрылғылары анықталды, күдікті адамдар, оның ішінде шетел азаматтары ұстап алынды. Тергеу барысында мыңнан астам жәбірленушілердің 1,5 млрд теңгеден аса несиелік берешектерін өндіріп алу уақытша тоқтатылды, сондай-ақ қаржы ұйымдары азаматтардың іс жүзінде қатысуынсыз ресімделген несиелер бойынша 100 миллион тенге көлеміндегі берешекті есептен шығарды, - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ, отырыста адамдарды, әсіресе жастарды басқа біреудің ақшасын жылыстату схемаларына тарту мәселелері талқыланды.

Қорытындысы бойынша бірқатар ұсыным әзірленді.

Еске салсақ микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларына қатысты 71 қылмыстық іс қозғалған еді

Соңғы жаңалықтар