Былтыр экономиканы несиелендіру көлемі 51 трлн теңгеге жеткен

АСТАНА. KAZINFORM — «Бәйтеректің» жобалық кеңсесінің жұмысы оңтайландырылады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім етті.

Тимур Сүлейменов
Фото: Ақорда

— Сіз қол қойған «Банктер туралы» жаңа заң технологиялық және анағұрлым заманауи банк жүйесін құруға іргетас қалайды. Экономиканы несиелендірудің жалпы динамикасы жағымды — 21 пайыз, 51 трлн теңгеге дейін өсім бар. Нақты секторды несиелендіру озыңқы қарқынмен өсіп келеді. Фискалдық ынталандырудың инфляцияға әсерін төмендетіп, бюджетке қысымын азайту үшін биыл «Бәйтерек» қаржы бағдарламасын бірге іске асырудың Үкіметпен келісілген тетігі қабылданып жатыр. Басымдықтарды нақты айқындап, ірі стратегиялық жобаларға ғана көңіл бөліп, нарықтағы өтімділікті барынша тарту маңызды деп ойлаймыз, — деді ол.

Тимур Сүлейменов банктердің жеке тұлғаларға кепілсіз несие беру «тәбеті» бәсеңдегінен де айтты.

— «Бәйтеректің» жобалық кеңсесінің екінші деңгейлі банктермен, қаржы реттеушілерімен жұмысы техникалық тұрғыдан оңтайландырылады. Былтыр халықтың несие жүктемесімен күрес жалғасты. Соның әсерін банктердің жеке тұлғаларға несие беру қарқыны айтарлықтай бәсеңдегенінен көріп отырмыз. Оның үстіне кепілдіксіз берілетін тұтыну кредиттері одан да елеулі мөлшерде төмендеді. Жалпы портфельдің өсімі 2024 жылы 29,2 пайыз болса, 2025 жылы 14,6 пайыз болды. Соның ішінде берілген кредиттердің өсімі одан да бәсеңдеді — 2024 жылы 22,7 пайыз болса, 2025 жылы 6,3 пайыз болды. Кепілдікпен берілетін тұтыну борышын берудің қарқыны 29, автонесиелендіру қарқыны 30 пайыз болып, айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отыр. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге осы несиелердің сапасына мониторинг жасай береміз. Биыл халыққа теңгерімделмеген несие беру қарқынын төмендету бағытындағы қосымша шаралар қабылдаймыз, — деді Ұлттық банк төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиында елдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады.

Соңғы жаңалықтар