Былтыр еліміз 2 млрд долларға химия өнімдерін экспорттады

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылдың қорытындысы бойынша химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 7,7% ұлғайса, мұнай-газ химиясында өсім 50% жоғары болды. Толығырақ Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтып берді.

мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру
Фото: gov.kz

— Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін химия, мұнай химиясы салаларын дамытудың стратегиялық маңызын атап көрсетті. Химия өнеркәсібі ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, металлургия және құрылыс сияқты басқа да салалардың дамуын қамтамасыз етеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 7,7% ұлғайса, мұнай-газ химиясында өсім 50% жоғары болды. Химия өнімдерінің экспорты 2 миллиард доллардан асты, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 13% артық, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Премьер-министр келтірген мәліметке сәйкес, биыл І тоқсанда аталған салада оң динамика сақталып отыр, яғни химия саласы 12,5% өсті. 

— Елімізде химия және мұнай-газ химиясы секторында 12 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар минералды тыңайтқыштар, бейорганикалық және органикалық химиялық заттармен қатар ауқымды өнім спектрін шығарады. Атырау облысында жұмыс істеп тұрған полипропилен зауыты Орталық Азияда осы бағыттағы ең ірі кәсіпорын. Былтыр жобаның II кезеңі, яғни полиэтилен өндірісі зауытының құрылысы басталды, бұл отандық өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жоба. Ол импорттық өнімдерді толық алмастырып, қосылған құны жоғары экспорттың өсуін қамтамасыз етуі керек. Зауыттың ел экономикасына тигізетін мультипликативтік әсері зор болуы тиіс, — дейді ол.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Жамбыл облысында натрий цианиді мен аммоний сульфаты өндірісін кеңейту жоспары барын айтты. 

— Одан бөлек, бутадиен, карбамид, полиэтилентерефталат өндірісі бойынша перспективалы жобалар іске асырылып жатыр. Бұл жобалар қосылған құн тізбегін құруға үлкен үлес қосады, — деп толықтырды Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министр полипропилен өндірісінің жоспардан тыс тоқтап қалуы алаңдаушылық танытты. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. 

Үкімет отырысында белгілі болғандай елімізден химия өндірісі шикізатының 45% экспортқа терең өңделмей шығарылады.  

Айта кетейік, елімізде мұнай-газ саласын дамытудың жол картасы аясында 3,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. 

Соңғы жаңалықтар