Былтыр есірткі сатқан неше полицей істі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев былтыр есірткі саудасына қатысты істі болған полицейлер туралы айтты.
«Қызметкерлер арасында өздерінің жұмысының мүддесіне нұқсан келтіріп, осындай іс-әрекеттерге баратын санаулы ғана факті бар. Есірткіні тарату дерегіне тоқталсақ, былтыр 3 оқиға анықталды», - деді Ш. Алекешев министрліктің апталық баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, полицейлер жасайтын қылмыстардың 80 пайыздан астамын министрліктің өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері анықтап жатыр.
«Біз осындай сатқындарды анықтап, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға өзіміз мүдделіміз», - деді ресми өкіл.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда «еліктіргіш газды» таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.