Былтыр көлікті техникалық тексеру операторларына қанша айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр 200-ден астам көлікті техникалық тексеру операторының қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі мәлім етті.
- Механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап-тексерудің нәтижесінде, 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 200-ден астам техникалық қарап-тексеру операторының қызметі уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, 2025 жылдың 12 айында көліктік бақылау инспекциялары техникалық қарап-тексеру операторларына қатысты 290 профилактикалық іс-шара өткізді. Бұл салада міндетті қағидаларды бұзу деректері бойынша 651 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 57,1 млн теңге айыппұл салынды, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомствоның мәліметіне қарағанда, аталған шаралар техникалық қарап-тексеру сапасын арттыруға, техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалануға жол бермеуге және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
- Сонымен қатар, Көлік министрінің 2025 жылғы 16 мамырдағы № 152 «Екінші санаттағы рұқсатты алу үшін рұқсат беру талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін, өтініш нысандарын, екінші санаттағы рұқсаттар нысандарын, рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру қағидаларын және техникалық қарап-тексеру операторларының қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы негізінде техникалық қарап-тексеру операторлары қызметін жүзеге асырудың хабарламалық тәртібінен рұқсат беру тәртібіне көшіп жатыр, - деп аталып өткен Көлік министрлігі ақпаратында.
Айта кетейік, бұған дейін көлікті техникалық тексеру саласында заң бұзу деректері көбейгені хабарланған еді.