Былтыр осы кезде орташа айлық 299 мың болса, бір жылда 350 мың теңгеге жетті

Елімізде орташа айлық жалақы 350 мың теңгеден асты, деп хабарлайды Kazinform.

айлық
Фото: Kazinform

Finprom.kz порталының мәліметінше, 2023 жылдың ІІІ тоқсанында елімізде жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 350,5 мың теңгені құрады.

Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен нақты мәнде 16,9 пайызға көп. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы осы кезеңде орташа айлық жалақы 299,8 мың теңгені құраған еді.

Өңірлер арасында ең жоғары жалақы Атырау облысыны тұрғындарында тіркелді – 602,4 мың теңге. Олардың жалақысы нақты мәнде 14,3 пайызға, ал өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайызға артқан.

Ең төменгі жалақы Түркістан облысында тіркелді – 248,9 мың теңге, жыл ішінде өсім - 1,8 пайыз.

Сонымен қатар Жамбыл мен Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының да жалақысы төмен.

Салалар бөлінісінде алып қарайтын болсақ, әдеттегідей тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді өндіру қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы барынша жоғары – 756,7 мың теңге.

Үздік үштікке қаржы және сақтандыру қызметі (668,9 мың теңге) мен ақпарат және байланыс саласы қызметкерлері де (525,8 мың теңге) кіреді.

Ал еліміз бойынша ең төменгі жалақы өнер, көңіл көтеру және демалыс, ауыл, орман және балық шаруашылығы, сумен жабдықтау және су бұру салаларында тіркеліп отыр.

Соңғы жаңалықтар