Былтыр Өзбекстанда жемқорлыққа барған 252 әкімдік қызметкері қылмыстық жауапқа тартылды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 2025 жылы Өзбекстанда жемқорлық жасаған әкім көмекшілеріне қатысты 153 қылмыстық іс қаралып, 252 адам жазаланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, былтыр 37 шенеунік темір торға қамалса, тағы 38-інің бас бостандығы шектелді. 160 көмекші түзету жұмыстарына тартылып, 12 адамға айыппұл салынды. Қалған 5 азаматқа қатысты өзге жаза түрлері қолданылды.
Сотталғандардың басым көпшілігі кедейлік деңгейін азайту және кәсіпкерлікті дамыту бағыттары бойынша қызмет еткен. 2024 жылы жемқорлық қылмысы үшін 309 әкім көмекшісі жазаланған еді.
Мұнымен бірге, 2025 жылы Өзбекстанда 5 мыңнан астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан үкіметі жемқорлықпен күрес үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне жасанды интеллектті енгізуді жоспарлап отыр.